Бәйдібек ауданының тәртіп сақшылары көпбалалы отбасыларға тосынсый жасады

289

Түркістан облысы Полиция департаментінің Бәйдібек ауданы полиция бөлімінің полицейлері аудан тұрғындарына қолдан келгенше көмек қолдарын созды. Бәйдібек ауданы полиция бөлімі жеке құрамының бастауымен өз қаражаттарына қайырымдылық ретінде көпбалалы және аз қамтылған тұрғындарға азық-түлік апарып, мереке күні тосын сый жасады.

Бәйдібек ауданының Ағыбет, Алғабас, Ақбастау, Алмалы, Бөген, Борлысай, Боралдай, Жамбыл, Мыңбұлақ, Шаян ауылдық округтерінде тұратын аз қамтылған отбасыларға азық-түлік заттарын жеткізді. Алдын ала тұрғындарға ескертусіз бірден тосын сый жасап құшақтарын азыққа толтырып әр үйге жекелеп барған тәртіп сақшыларына тұрғындар дән риза. Олар тәртіп сақшыларының қиын сәтте қол ұшын беріп көмек көрсетіп жатқанына шын ниетпен алғыстарын жаудырды.

«Жақсылықты жанымыздың қалауымен жасадық» деген тәртіп сақшыларының қайырымды ісі әрбір адамға үлгі боларлық. Алғыс күні тұрғындардың шынайы алғысына бөленген полицейлерге игі істері үшін біз де алғысымызды білдіреміз. Ел қамын ойлаған ерлердің қызметте биік белестерден көрініп, ел мақтауына бөленіп жүре берулеріне тілекшіміз.

ТО ПД-нің баспасөз қызметі