Елу мың теңге пара бермек болған

310

Шымкентте жергілікті тұрғын полиция қызметкеріне пара бермек болған. Алайда, адалдықтың ақ жібін аттамай,  азаматтық танытқан тәртіп сақшысы ұсынылған сыйақыдан бас тартқан.

6 наурызда жергілікті тұрғын Шымкент қаласы ПД Абай аудандық полиция басқармасының анықтаушысы полиция лейтенанты Жанәбіл Амангелдіге өзінің өндірісіндегі билік өкілін қорлау бойынша істі қысқартуға ықпал ету үшін 50 мың теңге көлемінде пара бермек болған.

Пара беру жәйті бойынша Шымкент қаласы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен ҚР ҚК-нің 367-бабы «Пара беру» бойынша қылмыстық іс қозғалған, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

«ҚР ҚК-нің 367-бабының 1 бөлігіне сәйкес, «мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген лауазымды тұлғаның жеке өзіне немесе делдал арқылы пара беру жайтына қатысты – пара берушінің мүлкі тәркіленіп немесе бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген»-деп мәлімдейді Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.