Шымкентте бір күнде 50-ден аса жол апаты тіркелді. Полицейлер бұған ауа- райының қолайсыздығы мен жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы себеп деп отыр. Ал синоптиктер алдағы күндері бұдан да қалың қар жауатынын айтып, сақтық шараларына қатаң мән беру керек деп ескертіп отыр.
Шымкентте ауа райының қолайсыздығына байланысты жол қозғалысы біршама қиындады. Қалың қардың салдарынан соңғы бір тәуліктің өзінде 50-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Абырой болғанда, қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Полиция қызметкерлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.
АСЫЛЖАН ОЗҒАНБАЙ, ШЫМКЕНТ ҚПД ӘПБ ППП ВЗВОД КОМАНДИРІ: «ЖКО әкеп соғатын фактордың бірі жүргізушілердің маневр қағидаларын сақтамауы, кез-келген жерден кері немесе оңға, солға бұрылу қағидаларын бұзуы. Және де көлік құралын басқару кезіндегі басқа да себептерге көңіл бөлуі . Ұялы тел қолдану, қағидаларды сақтамау жко әкеп соғады».
Ал қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қалың қардың салдарынан медициналық мекемелерге жүгінгендер тіркелмеген. Атап айтқанда, көшеде мұзға тайып, жарақат алғандар болмаған.
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
«Қар жауғалы бері далада мұздан құлап немесе сырғанақ тебу салдарынан жарақат алғандар тіркелмеді. Ешкім медициналық көмекке жүгінбеді».
Синоптиктердің болжамынша, қолайсыз ауа райы алдағы күндері де сақталады. Мамандар келер аптада ауа температурасы біршама төмендейтінін айтады. Ал 27 қаңтар күні қалада қалың қар күтілуде.
ЖАНАТ ЖӘРМЕНОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ШҚФ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ: «24-не ауа температурасы 10-12 гр болса, 25-не 0-2 аяз болады. Сол 0-2 аяздан ары қарай ауа температурасы төмендей бастайды, келесі аптаның жұмасына таман ауа температурасы минус 11 , минус 13 гр аралығында болады».
Мамандардың болжамынша, ақпан айында ауа райы біршама тұрақталады. Жалпы еліміздің оңтүстік өңірлерінде қыс солтүстік аймақтарға қарағанда жеңілірек өтіп, күндіз ауа жылы, түнде салқындау болады деп күтіледі.
Лаура Бабас






