Көпбалалы аналарға жәрдемақы жайы түсіндірілді

502

Көпбалалы аналардың жәрдемақы рәсімдеуі оңтайланды. Бұл жаңалық шымкенттік әйелдерді қуантты. Сондай-ақ, мәселесін тыңдап, шешу жолын іздейтіндер қатары артқанына марқайып жүр. Бұл жолы Әл Фараби ауданының әкімі алтын құрсақты аналарды жиып, мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмектің есептелуінен бастап, құжат рәсімдеуіне дейін түсінідіріп берді.

Әл Фараби ауданы әкімдігіне жиналған аналар кездесуге кешігіп келді. Алайда көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алуға ниетті.

Айсұлу Сейсенова, Әл Фараби ауданының тұрғыны: “Әлеуметтік көмек жайлы білмекпіз. Баспана жайында сұрамақпын. Көпбалалы анамын, жәрдемақыларым жетпей жатыр”.

Ал ертерек келген әйелдерге мәжіліс залынан орын бұйырған. Жауаптылар атаулы әлеуметіік көмектің мөлшері кімге тиесілі екенін түсіндірді. Сөздеріне сенсек, 1 топтағы мүгедек баласы бар аналар – 41 578 теңге алады. Егер отбасы 72 761 мың теңге алып келсе, енді шілдеден бастап – 155 918 теңге алатын болады.

Гүлжан Құрманбекова, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: “10 мыңнан астам отбасы жәрдемақы алатын болса, енді біздің есебіміз бойынша Шымкентте 20 мыңнан астам отбасы алатын болыпты. Біз бұл мәліметтерді министрлікке жібердік”.

Қала әкімдігінің бас қаржыгері алты баласы бар отбасының 1-ші шілдеден бастап алатын жәрдемақысын есептеп берді. Атаулы көмекке қатысты толық мәліметті жақында ашылған аналар орталығынан білуге болады.

Бұдан бөлек, жұмыспен қамту, халыққа қызмет көрсету орталықтарында арнайы қызмет көрсетіледі. Оларды еш кедергісіз пайдалану үшін аналардың сауаттылығын ашатын курстар да жұмыс істейді. Жиында көпбалалы аналардың ұсыныстары да қаралды.

Карима Хайдарбекова, көпбалалы ана: “Қуанып жатырмын осындай кездесу болып жатқанына. Мүгедек балаға көрсетіліп жатқан медициналық көмекке көңіліміз толмайды”.

Кездесуге келгендер көптеген мәлімет алғандарын жасырмайды. Өздері үшін жасалып жатқан жағдайды енді түсінгендей. Айтуларынша, робот менеджерлер емес, ел ағаларының аузынан естіген әлдеқайда тиімдірек.

Шынар Оразова