Мақтааралда білім саласын дамытуда әйелдер қауымының үлесі зор

375

Халықаралық әйелдер күнін қарсаңында Мақтаарал ауданында түрлі мерекелік іс-шаралар өтуде. Бүгін аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудан әкімі Бақыт Асанов ұстаздар қауымын айтулы мерекемен құттықтады.

«Әйел – тіршіліктің тірегі, отбасының шырағы, тәрбиенің шырайы! Сіздердің бойларыңыздағы қайрат пен қажыр, шапағат пен шарапат, қайсарлық пен құлшыныс күллі әлемнің тамырына нәр беретіні сөзсіз. Бүгінде қыз-келіншектеріміз қоғамның қай саласында да белсенді, беделді қызмет етуде. Еліміздің экономикасында, білімі мен денсаулық сақтау саласында, мәдениет пен бизнес көкжиегінде Сіздердің іздеріңіз бар. Сол тамаша талпыныстарыңызбен мақталы Мақтаарал ауданының дамуына сүбелі үлес қосып келесіздер. Іскерліктеріңізбен қатар, қашанда отбасыларыңыздың ұйытқысы, ырыс-берекесі болудан танбаңыздар. Сіздерді мерекелеріңізбен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге табыс тілейміз! Әрдайым жадырап, гүлдей құлпырып жүре бергейсіздер!» – деді Бақыт Насырханұлы.

Жиын барысында аудан басшысы бірнеше ұстазды облыс әкімінің және өзінің атынан марапаттап, сый-құрмет көрсетті. Сондай-ақ, жиын концерттік бағдарламаға ұласып, нәзік жанды ұстаздарға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін аудандық өнерпаздар ән мен биден шашу шашты.

Кезекті сөз алған аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мадияр Бабашев білім саласын дамытуда әйелдер қауымының маңызы зор екенін атап өтті. Баланың тәрбиесімен тікелей әйелдер шұғылданатындығын және білім саласында ұстаздар қауымының басым бөлігі әйелдер екенін ауданның бас педагогы тілге тиек етті.

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі