Ордабасылықтар қытайлық зауыттың салынуына қарсы

2339

Қытайлық компаниядан тек Қытайға ғана пайда. Ал елді мекендер экологиялық апатқа ұшырап, халық денсаулығынан айрылады. Осылай деп шырылдаған ордабасылық бір топ тұрғын былтыр құрылысы басталған зауыт жұмысын мүлде тоқтатуын талап етіп отыр. Ал бизнес өкілдері кәсіпорынның зиян6 не зиян еместігін дәлелдейтін құжаттарын көрсетуге асығар емес. Соған қарамастан жерді қоршап, құрылыс жұмыстарына қызу кірісіп кеткен.

Шырылдап шындық іздеген бір қауым елдің мұңын еститін әзірге құлақ жоқ. Қорғасын қалдықтарын өңдейтін зауыт іске қосылса, ең алдымен аллергиялық аурулар дендейді дейді. Тұрғындар қорғасын былай тұрсын алтыннан да қымбат денсаулығымызды әлдебіреулердің пайдасына құрбан етуге жол бермейміз деп отыр. Қараша халықпен кездескенде бизнес өкілдері болашақ кәсіпорында Шымкенттегі қорғасын зауыты қалдықтары өңделетінін айтыпты. Қорғасын қалдығын пайдалану адам өміріне аса зиян, оның шайындысын жер астына да, өзен-суларға да тастауға болмайтынын айтады жұрт. Мал шаруашылығымен күнелтіп отырған ауылдықтар зауыт жұмысын бастаса, басты байлығымызбен қоса нәпақамыздан да айырыламыз бе деп қауіптенеді.
Шенеуніктер мен құзырлы орган өкілдерінен қайран болмаған соң, халық қоғам белсенділері мен заңгерлерге жүгініпті.

Көпшілік экология мамандарына шағым түсірген соң, сот зауыт құрылысын уақытша тоқтату туралы шешім де шығарыпты. Алайда, әуелден-ақ көпшіліктің келісіміне пысқырып та қарамаған меншік иелері 10,5 гектар жерді қоршап алып, құрылысты бастап та кеткен.

Бұл мәселеден әкімдік өкілдері де хабардар. Алайда, қарашаның қарсылығына қарамаған зауыт иелері шенеуніктерге де шекеден қарағанға ұқсайды. Жарты жылға жуық уақыт әкімдік өкілдерін әуре сарсаңға салса да, әлі күнге кәсіпорынның экологиялық тұрғыдан зиян, не зиян еместігін дәлелдейтін құжаттарын көрсетпеген.

Жауаптылар сөзіне қарағанда қытайлықтар жергілікті тұрғыннан жер телімін нысаналы мақсатын өзгертілген күйде, былтыр дап-дайын етіп сатып алған.

Жауаптылар қандай да бір батыл қадамдарға баруға біздегі кей заңнамалардың солқылдақтығы мүмкін бермейтінін айтады. Қалай дегенмен, тұрғындар денсаулығы, халық мүддесі, бірінші орында! Бұқара да, билік өкілдері де қоршаған ортаға зиянды болатын кәсіпорынның жұмыс істеуіне жол бермейтіндерін айтады.

Мақпал Рысбаева