«Ордабасы» клубы Қазақстан футболындағы өзіндік орны бар, бірқатар ірі жетістіктерге жеткен ұжым. Алайда, өкінішке қарай, соңғы ойындардағы жеңілістер мен тең есептер, шабуылдағы сылбырлық пен қорғаныстағы қателіктер команданың төмен нәтижелерге ұрынуына себеп болуда. Бұл жанкүйер мен қала тұрғындарының көңілін су сепкендей басып тастады. Олардың нәтижелі ойын көрсетуі үшін қандай жұмыс жасау қажет? Бапкерді ауыстыру керек па? Әлде бюджетін қысқарту керек па?
Шымкенттік «Ордабасы» футбол клубы Премьер-лиганың кезекті турында «Тобыл» командасынан жеңіліп қалды. Тартысты ойынның нәтижесінде Шымкент клубы 2-0 есебімен ойсырай ұтылып, маңызды ұпайдан айырылды. Бұл жеңіліс, команданың қазіргі жағдайына қосымша салмақ түсірді. Ал, нәтижесіз көрсеткіштің салдары әкімдік өкілдерін алаңдатты ма?
«Ойнасамда аламын, ойнамасамда жүре берейін деген футболистер бар. Оның ішінде легионерлерде бар. Өкініштісі.. біраз дүние айтылды ғой. Келесі жылдан бастап «Ордабасы» футбол командасының бюджеті басқа өңірдегі футбол командалары сияқты төмендейді. Себебі, 500 мың айлық көрсеткіштен жоғары болмау керек. Бұл 1 млрд. 950 млн. теңгені құрайды. Қалған сомманы басқа демеушіден, ивестордан аламыз десе өздері біледі. Бюджеттен берілетін ақша 2 млрд. теңгеден аспау керек».
Футбол мамандары «Ордабасының» ойын тактикасының әлсіздігін, кейбір ойындарда бас бапкердің шешімдері дұрыс болмағанын, сондай-ақ, легионер ойыншылардың командамен толық үйлесім таппағанын алға тартуда. Сонымен қатар, жас ойыншылардың аз тартылуы, нәтижесіз ойынға жетеледі деп отыр.
Ержан Мұқаш, диктор: «Басшылар кетуі керек, селекцияны ауыстыру керек. Жаман-жаман легионерлер емес, мықты-мықты өзіміздің жігіттер ойнау керек. Сонда ғана, нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын».
Клубтың ойын сапасы мен көрсеткіштеріндегі төмендеу тек спорт мамандары мен сарапшыларды ғана емес, шымкенттік жанкүйер қауымды да алаңдатып, қоғамда түрлі пікірлер мен қызу талқылаулар тудырып отыр.
«Ордабасы» жай ғана клуб емес, шымкенттік жастарға үміт сыйлайтын команда. Сондықтан, қазіргі қиын кезеңнен шығу үшін бірлік пен жауапкершілік қажет. Алайда, нәтижелі ойын көрсету үшін барын салуы қажет ақ.
Нұргүл Жолымбетова






