Шымкентте екінші мамандандырылған ХҚО ашылды

485

Шымкенттік темір тұлпар иелері үшін жағымды жаңалық. Бүгін қалада екінші мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Енді көлік жүргізушілері куәлігін ауыстырып, көлігін қайта тіркеуге таныс іздеп сабылмайды. Заманауи үлгіде жабдықталған орталыққа келіп, әп-сәтте рәсімдеу шараларын атқара алады. Ол үшін Қуаныш Төлеметов көшесіндегі фронт-офиске келсеңіз болғаны.

Су жаңа орталықта 52 қызметкер жұмыс істейді. Құжаттарды қабылдайтын 20 орын бар. Сала мамандарының айтуынша, тәулігіне 600 азаматтың құжатын рәсімдеуге мүмкіндік туған. Ал қызмет алуға келген азаматтар анықтама іздеп ешқайда сабылмайды. Жеке куәлігі болса, электронды форматта өзіне қажетті құжатын бар-жоғы екі сағатта рәсімдеуіне болады.

Асылан Аймырзаев, қала тұрғыны: «Мен көлік алған едім, соны рәсімдеуге келдім. Әзірге мұнда кезек аз».

Орталықты ашуға миллион тұрғыны бар қалалықтардың сұранысы негіз болыпты. Осыдан үш жыл бұрын ашылған алғашқы орталық күніне мыңға тарта азаматқа қызмет көрсетеді, ал соңғы жылдары ол сұраныс 30 пайызға өскен. Яғни, ортаға түсетін делдалдар санын көбейткен.

Бақыт Басымбеков, Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының директоры: «Басты мақсат сол “помагайларды” болдырмау. Жоқ деп айтпаймыз, бірақ халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз».

Орталықты ашуға милион тұрғыны бар қалалықтардың сұранысы негіз болыпты. Жоспар бойынша тап осындай орталықтың және біреуі ашылмақ. Бүгін нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Данат Жумин, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ә. Көмекбаев арнайы келіп қатысты.

Ал жаңа орталықта заңсыздыққа жол берілмейді. “Нұр Отан” партиясының бақылауы аясында, түрлі шаралар ұйымдастырылып, сыбайластық жойылады деп күтілуде. Ең бастысы, халық өзіне жасалған жағдайды дұрыс пайдаланып, қалтасына артық салмақ түсірмеуді үйренсе игі.

Нұрлан Күдерұлы