Қазақстан мен Ресей тракторлар мен КамАз бөлшектерін бірлесіп өндірмек

179
фото miid.gov.kz

Қазақстан мен Ресей Кировец маркалы тракторлардың, арнайы техникалардың және КамАЗ автокомпоненттерін бірлесіп өндіруге келісті.

«ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Ресей Федерациясына сапары аясында өнеркәсіп саласына қатысты екі құжатқа қол қойылды. Осы орайда «Агромашхолдинг KZ» АҚ-да Кировец маркалы тракторлар мен олардың құрамдас бөлшектері өндірісін ұйымдастыру» жобасын іске асыру бойынша жол картасы және арнайы техника мен КАМАЗ автокомпоненттерін өндіру бойынша бірлескен жобаларды іске асыру ынтымақтастығы туралы келісім қамтылды», – деп атап өтілген ҚР ИИДМ баспасөз қызметінің мәліметінде.

Қазақстандық тараптан арнайы техника мен КАМАЗ автокомпоненттерін өндіру бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі
Аманияз Ержанов, Қазақстан авто бизнесі қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев, «ҚДБ-Лизинг» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров, ал Ресей тарапынан Ресей Федерациясының өнеркәсіп және сауда вице-министрі Александр Морозов пен «КамАЗ» ЖАҚ бас директоры Сергей Когогин қол қойды. Аманияз Ержанов атап өткендей, келісім аясында ҚР ИИДМ елдің қолданыстағы заңнамасына сәйкес, Қазақстан аумағында өндірісті инвестициялау үшін қолайлы жағдайлар жасауға және өндіріске қолдау көрсетуге ниетті.

Бұдан бөлек, «Агромашхолдинг KZ» АҚ-да Кировец маркалы тракторлар мен олардың құрамдас бөлшектері өндірісін ұйымдастыру» жобасын іске асыру бойынша жол картасына Қазақстан авто бизнесі қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев және Ресей тарапынан «Петербургский тракторный завод» АҚ директоры Сергей Серебряков қол қойды.

Құжат салық преференцияларын, КамАЗ өндірісінің автомобильдерін және олардың құрамдас бөлшектерін жасауға бағытталған жеңілдікпен қаржыландыруды (оның ішінде лизингтік қаржыландыруды), сондай-ақ құрылған өндірістердің дайын өнімдерін жеңілдікпен лизингтік қаржыландыруды қарастырады.