Инстаграмдағы келіндер

433

Сіз «тек жұлдыздардың ғана парақшасына халық көп жазылады» деп ойламаңыз. Қазір қарапайым ауыл келіндерінің парақшасына шынайылық іздеп баратындар көп. Білген жанға осы арқылы табысқа кенеліп жүргендер қаншама. Оқырмандырымызға осы жолы ел сүйіспеншілігіне бөленіп, көптің алғысын алып жүрген тағы екі инста келінді таныстырамын.

Қарапайым ҚАЛПЫМДЫ жоғалтым алғым келмейді

Айзада Әріпбаева – Мақтаарал ауданындағы Атамекен ауылының тумасы. Жасы 24-те болса да бір шаңырақтың шаттығын ұстап отырған үлгілі келін. Сүйікті жар, екі баланың аяулы анасы. Инстаграм әлеуметтік желісіне студент шағынан тіркелгенімен дұрыс жүргізуді білмеген. Ал, тұрақты түрде жазба салып бастағанына енді екі жылдың жүзі болған. Декрет демалысындағы жас ана 2018 жылы «Инста ана» байқауына қатысып «Ауыл ана» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған. Осылайша адамдарды ауыл тұрмысы қызықтыратынын түсініп, парақшасын тұрақты түрде жүргізе бастайды. Сөйтіп екі жылда 78 мыңға жуық фоллоуер жинайды.


– Мен көбіне ауылдың тыныс-тіршілігін, күнделікті өзім куә болған қызықты жағдайларды суретпен баяндаймын. Әрине, жазбамда шынайылық басым. Менің оқырмандарым шынайылығымды қатты жақсы көретіндерін көп айтады. Сондықтан да қарапайым қалпымды жоғалтып алмауға тырысып жүрмін. 78 мың оқырманды жинау үшін көп еңбектендім. Адамдарға не ұнайтынын зерттедім. Оңай соқпады. Адамдардың көзі ашық. Алдау мүмкін емес. Сондықтан да асқан жауапкершілікпен қарадым. Еңбегімнің нәтижесінде осы парақшам арқылы бір жылдан бері табыс тауып келемін. Ай сайын өспесе кеміген жоқ. Қазір шамамен айына 50 мың теңгеге жуық қаржы табамын,-дейді Айзада.


Айзада әлеуметтік желіде отыруына алғашында ата-енесі мен күйеуі қарсы болғанын және басында жағымсыз пікірлерден рақатсыз болғанын айтып берді.
– Әуелі отбасылық суреттерімізді әлеуметтік желіге салуыма ата-енем мен жолдасым қарсы болды. Кейіннен әртүрлі бағдарламаларға шығып бастағаннан кейін разылықтарын берді. Қазір керісінше қолдау көрсетеді. Әрине, оқырман көбейген сайын жағымсыз пікірлер де сын да көбейеді екен. Бастапқыда бәрін жеңіл қабылдаймын деп ойладым. Бірақ уақыт өте келе қабылдау қиынға соқты. Тіпті «инстадан демаламын» деп ойлаған кездерім де болды. Алайда, мен өзімді оқып, әрқашан қолдау білдіріп шабыт беретін оқырмандарымды сыйладым. Оларға құрметсіздігім болады деп ойладым. Сондықтан қайта шабыттанып жұмысымды жалғастырдым. Қазір жағымсыз пікірлерге мән бермеуге тырысамын. Мысалы, «орамалың жараспайды, талғамың қандай жаман еді, киімің жараспайды» деген сияқты пікірлерді жиі оқимын. Енді мен ауылда әртіс көйлек киіп жүрмеймін ғой. Менің парақшамның бағыты да түсінікті. Ауыл өмірі және шынайылық. Сондықтан да менің парақшама керегін тапқан адам келсе екен,- дейді ол.

«Ауылдың тыныс-тіршілігін көрсететін келіндер көбейді»

Айзада қазір ауыл өмірі жайлы жазба жазатын келіндердің көбейгенін айтады. Олардың белсенділігіне сәл де болсын себі тисе қуанады..
– Осы кезге дейін ауылдың өмірі жайлы ауылдың келіні жайлы жазбаларды ешкім салмайтын. Бірінші Айдана бастады. Одан кейін мен жалғастырдым. Қазір ауыл келіндері күнделікті өмірінен ұялмай, керсінше мақтанып фото салып, жазба қалдыратын дәрежеге жетті. Ескерте кетейін ауыл тұрмысын баяндайтын парақшалары бар қыздардың оқырмандары күн санап өсіп жатыр. Бұл – біздің жетістігіміз. Дегенмен көбейіп кеткені соншалық адамдар ауылдың тіршілігін бейнелейтін жазба және фотолордан жалыға бастаған сияқты. Сондықтан да сауаттылық басты назарда. Парақша иелері соны естен шығармаса екен. Менің оқырмандарым көбінесе ауыл дәмдерін жасау жолдарын сұрайды. Мысалы айранды ұйыту, құрт, ірімшік, боза сынды өздеріне тансық тағамдардың дайындау жолымен бөліскенді ұнатады. Инстаграм маған декретте жүргенімді бос уақытымды тиімді өткізуге үлкен септігін тигізді. Көптеген дос таптым. Инста әлемде контент жасадым. Ал зияны көзім нашарлап кетті. Сонымен қатар, уақыттың жауы,-дейді Айзада.

«мақсатым – үйде бар затпен дәмді ас жасауды үйрету»

Жадыра Жұмабекқызы 1992 жылы Шәуілдірде туған. Ұлылар отаны, Арыстанбаб жатқан киелі өлке, Шәмші ән шырқаған Отырардың қызы. Айтуынша, 2013 жылы студент шағында күйеуі Нұржанмен танысып жер жәннаты Жетісайға келін болып түскен. Үлкенге ізет көрсететін, ат тергейтін, ауылға сыйлы әулетке келін боп түскенін мақтанышпен айтады. Үш балапанды тәрбиелеп, ата-енесінің батасын алып отырған ақ келін аяуы ана, асыл жар. Жадыраның мамандығы тағам өнімдерінің технологы болғандықтан, 2 жылдан бері тағам жайлы жазба жазып көпшіліктің құрметіне бөленіп үлгерді. Қазір 70 мыңнан астам оқырманы бар.

«Тұрсынбектің теарына барсаңшы»

– Мамандығыма байланыс-ты ма, жоқ декретте бір қырым ашылды ма білмедім, әйтеуір тағам пісіруге құлшынысым артты. Алғаш инстаграм желісінде аналарды қолдау мақсатында «ИнстаШаңырақ» жобасын Гүлжан Қайназарқызы ұйымдастырды. Сол жоба арқылы #аспазана номинациясы бойынша өз тағамдарымды салып жүрдім. Менің мақсатым үйде бар дүниемен де ерекше ас пісіріп үйренейік деу еді. Бұл біріншіден өз-өзіңді дамыту. Сол жоба арқылы Қазақстанның түкпір түкпірінен достар таптым. Жақсылықтың жаршысы бола білген жандарға үлкен алғыс білдіремін. Мен тек тағам дайындап, келіннің жұмыстарын әзілмен келтіретін жазба қалдыратын едім. Көп қыз-келіншектер, апалар менің парақшама кірсе көңілдері көтерілетінін, менің шынайы екенімді, әңгімелерімді оқығысы келетінін айтады. Бұл маған шабыт сыйлап «Ауыл мен қаланың айырмашылығы», «Жұрттың балалары», «Келіннің күні» сынды әзіл әңгімелерім көптің көңілінен шықты. Әзілдеп арасында өлең шығарып тұрамын. «Тұрсынбектің теа-трына бар» деп ұсыныс айтып жатады оқырмандар. Негізі мектеп кезінде достарым «Алдараспанға кастингке баршы» дейтін. Әзілге өте жақынмын. Мінезім ашық,-дейді Жадыра.

«Әй, анау Жади_тағамның тамақтарын жасап берші»

Жүзі жылы, жайма шуақ мінезге ие Жадырадан да алғаш блогын қалай жүргізіп бастағанын және айлық табысын сұрап білдік.
– Алғаш блогымды жүргізіп бастағанда, үйдегілерден тығылып суретке түсіретінмін. Қазір кішкентай балаларым да үйренгені сонша «Мама, суретке түсіріп алдыңыз ба? Жей берейік пе?» деп сұрайды. Апам (енем) мені үнемі қолдап отырады. Мені түсінеді. Сол кісілерге рахмет. Жаманымды жасырып жақсылығымды асырып отыр. Әрине қазір инстада үздіксіз пост салып жүрсем, кішігірім бір мұғалімнің жалақысын табамын. Бірақ дәл мынадай деп айтатындай табыс жоқ. Инстадүкендер сыйлық ұсынады, достарым өтініш айтады. Орынды орынсыз пікірлер жазылатыны рас. Қатты жылап қалатын кездерім де болады. Бірақ сол пікірге қарсы шығып, демеу болатын да оқырмандарым. Мен оларды бәрібір жақсы көремін. Көп алғыс естимін. Ата-енелері «әй, ана Жади_тағамның тамақтарын жасап берші» десе кішкентай балалар «Мама, Жади әпкем не жасапты көріңізші» деп айтады деп қуантып қояды. Үлкен апаларымыз бата беріп пікір қалдырады. Әрине, мен өзімді керемет келінмін демеймін. Бірақ жақсы пікірлердің көптігіне қарап, мүмкін шынайы болғаным үшін жақсы көреді деп ойлаймын. Бірақ ауыл-да сеттің аздығынан видео мүлдем жүктей алмаймын,-дейді ол.

Үлгілі келін парақшасының басқалардан ерекшелігін де түсіндіріп, алдағы арманын да айтты.
– Бір қызығы ешқандай маманнан кеңес алып, ешқандай суретті өңдеп те көрмеппін. Мен бұл үшін ұяламын. Алда не боларын бір жаратқан біледі. Дегенмен, бала күнгі арманым – кондитер өнімдерін шығару. Халыққа қызмет көрсетіп алғысын алып, еліміздің көркеюіне азғана үлесімді қоса алсам мен үшін сол үлкен бақыт. Қазіргі таңда сол арманға барар жолдың бірінші баспалдағында тұрғандаймын. Анам тұрмысқа шығар уақытымда «қызым бақытты болам деп емес барған жерімді бақытты қыламын деп бар» деген еді. Менің арманым айналамдағы адамның барлығына шамам жеткенше бақыт сыйлағым келеді,-дейді Жадыра Жұмабекқызы.

Жанерке ХУМАР

Оңтүстік Рабат» газеті, №16. 17 сәуір 2019 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті