Келер жылы Түркістан-Шымкент-Ташкент велошеруі өткізілмек

179

Екі елді жалғаған велошеру. Ара қашықтық 130 шақырымды құрайтын шеруге қатысушылар Шымкент шаһарындағы ӘлФараби алаңынан шығып, Өзбекстандағы Қазақстан Республикасының елшілігі ғимаратына дейін жүріп өтті.

Күнмен таласа Әл Фараби алаңына келген қатысушылар велосипедтерін жолға жарақтап, денелерін қыздырып алды. 130 шақырым кәдімгідей ұзақ жол. Десе де 5 000 шақырымға дейін велосипедпен жүріп өткендері үшін кішігірім жаттығу ғана. 200-ден аса адамның басын қосқан бұл велошеруге қатысушылар Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған. Қос дөңгелекті жандарына серік еткендер үшін осы күн үлкен мейрам іспетті.

Старт белгісі берілді! Қатысушылар бірнеше полиция және жедел жәрдем көліктерінің қостауымен Ташкентті бетке алып жүріп кетті.

Аяна Қалбөбектің жасы небәрі 12-де. Дәл осындай іс-шараға екінші рет қатысып отыр. Бапкері-әкесі. “Бұл әлі бастамасы, шығар шыңым алда” дейді ол.

«Жол теп-тегіс. Ұнап жатыр. Қиын емес. Рахат. Бұрын менің орныма ағам қатысатын еді. Қазір бірақ ол ҰБТ тапсырып жүр. Сондықтан оның орнына мен келіп жүрмін».

Марафон қатысушыларын велошерудің жоғары деңгейдегі ұйымдастырылуынан бөлек тамаша ауа – райы мен табиғаттың таңдай қақтырар көрінісі де қуантты.

Дәл осы марафонның қатысушылары үшін шекара қызметі жасыл дәліз қызметін іске қосқан. Спортшылар екі елдің кеден қызметін де бірнеше минут ішінде кесіп өтті.

Жайма-шуақ күн. Жайдарлы көңіл. Бауырлас ел бізді дәл осылайша күтіп алды.

Масштабты велошерудің финиш сызығын алғаш кесіп өткендерге сыйлық табыс етіліп, соңынан концерттік бағдарлама қойылды. Ал келесі жылы ұйымдастырушылардың сөзінше марафон үш бірдей қаланы қамтымақ. Солайша атауы Түркістан-Шымкент-Ташкент болып өзгермек.

Меруерт Ахан