Мақтааралдықтар джиу-джитсудан Азия чемпионын құрметпен қарсы алды

342

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында кіл мықтылардың арасында өткен джиу-джитсудан Азия чемпионы атанған Төлеген Атақұлов туған жері Мақтаарал ауданына оралды. «Алпамыс батыр» орталық стадионында күтіп алған қалың жұрт еліміздің абыройын асқақтатқан жас чемпионға үлкен қошемет көрсетті.

Салтанатты кеште қазақ батыры алғаш спортқа келген сәттеріндегі кездескен қиындықтар мен жеңіс тұғырына көтерілген сәттері туралы баяндады. Киелі Мақтаарал топырағында дүниеге келгенін мақтан ететіндігін жеткізді. Сондай-ақ, жас спортшылардың сұрақтарына жауап беріп, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Мұнан соң Т. Атақұлов аудан әкімі Б.Асановтың жеке қабылдауында болды. Спортшымен жеке жүздескен аудан басшысы оны жетістігімен құттықтап, арнайы марапаттады.

«Мақталы Мақтааралдан шығып, еліміздің атын әлемге танытып жатқан сен сияқты спортшыларымыз көп болсын. Алдағы уақытта бұдан да биік шыңдарды бағындыруыңа тілектеспін!» – деді Бақыт Насырханұлы.

Айта кетейік, Төлеген Атақұлов 1992 жылы Мақтаарал ауданында туылған. 2011 жылы Алматы қаласындағы Республикалық мамандандырылған спорт мектебіне оқуға түсіп, 2014 жылы аяқтады.

2015 жылдан бастап спорттың джиу-джитсу түрімен айналысып, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы атанады. Сондай-ақ, 2016 жылы ережесіз жекпе-жектен «Алаш прайд» додасының жеңімпазы болған.

2018 жылы Панама Республикасының астанасы Панама қаласында өткен джиу-джитсу бойынша Әлем кубогында Төлеген Атақұлов күміс жүлдегер атанып, еліміздің абыройын асқақтатты.

Міне, биыл 6-8 сәуір күндері аралығында Қырғызстан Республикасының астанасы Бішкек қаласында джиу-джитсудан өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тағып, еліміздің көк байрағын көкте тағы бір рет желбіретті.

QAINAR KÓZМақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі