«Нұрсәт» шағынауданының тұрғындары шағым айтудан шаршады

218

Шымкенттегі «Нұрсәт» шағынауданындағы жаяу жүргіншілер жолында жүйткіген көлік ана мен баланы қағып кетті. Тізгіндегі азамат тежегішті басқанымен, екеуін де 50 метрдей жерге сүйреп кеткен. Абырой болғанда, 30 жастағы келіншек пен 7 жасар жеткіншек аман қалды.

Ал, оқиға куәгерлері бұл маңайда оқыс оқиғалардың жиілеп кеткенін айтып арнамызға шағымданды. Айтуларынша, жиі қайталанатын жол апатына бағдаршамның жоқтығы себеп.

Бұл осыдан бірер күн бұрын орын алған оқиға. Жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан ана мен бала үйіне бет алған екен. Бірақ, жүйткіген көлік оларды жылы ұясына жеткізбеді. Екеуін де алысқа сүйреп кеткен жол апатын көршілері көрген. Болған жағдайдан әлі де есін жия алмай отырған олар жол оқиғаларының жиілеп кеткеніне алаңдаулы.

Бибітқасым Алтаев, «Нұрсәт» шағынауданының тұрғыны: «Биліктен сұрайтынымыз мына жерге бір жағдай жасап берсінші мына жаяу жүргіншілер өткеліне. Себебі жүргізушілердің өзінен айып жоқ. Мына жолақ көрінбейді. Өзіміз де рөлдеміз ғой. Көзбен көрген адамға өте қиын жағдай. Ертең жаз келе жатыр. Білмеймін бала-шағамызды саябаққа қалай алып баратынымызды. Өзіміз де барғымыз келеді. Мына жолмен бала-шағаның қалай өтетінінін білмеймін».

«Нұрсәт-2» шағынауданында 5 бірдей көпқабатты үй орналасқан. Тұрғындардың дені осы жол арқылы өтеді. Айтуларынша, не бағдаршам, не жол кедергісі жоқ бұл аумақтан жандарын шүберекке түйіп әрең өтеді. Шыдамы шегіне жеткен халық бұл оқиғаның қайталанбауына кім кепіл дейді.

«Әкімшілікке хаттар, арыздар жазылып жатыр. Қанша түсіріп жатырмыз. Инстаграмына да фейсбук бар ма, ватсап бар ма тікелей шығып жатырмыз. Жауап беретін тиісті мекемеге жолдаймыз. Басқа ешқандай жауап жоқ. Осы жерге жол кедергісін орнатсын, бізге бағдаршам орнатып берсін. Басқа бұның шешімі қандай боларын білмеймін. Күнделікті қорқынышпен жүру керекпіз бе?» деп ашынады нұрсәттіктер.

Анықтағанымыз, жолақ сызықтар салынған бұл жолдың әлі құрылыс жұмыстары аяқталмаған екен. Жауаптылардың айтуынша Шаяхметов көшесі әлі толықтай тапсырылмаған. Қаржының болмауы себебінен жұмыстар уақытша тоқтап тұр.
Жауаптылардың сөзіне қарағанда 3 жылдан бері жырға айналған жол мәселесі әлі де шешілмек емес. Келер жылы түйіткілі ағытылатын аумақта әлі қанша тұрғын зардап шегетіні белгісіз.

Назерке Үкібасова