«Оркестр адам» Шымкентте ән кешін өткізді

144

Мажарстаннан қаламызға арнайы келген өнерпаз өз дауысын әннің музыкасы ретінде қолдана отырып, ән шырқайды. Бірақ, Қазақстанда сирек кездесетін мұндай талантты тамашалауға келгендер көп болмады.

Пели Барно есімі джаз-рок стиліне қызығушыларға етене таныс. Бұған дейін Қазақстанның Алматы қаласында ғана өнер көрсеткен. Шымкентке алғаш рет келіп отыр. Венгриялық әнші жанды дауыста ән айтуымен ғана ерекшеленбейді. Қолдағы гитара мен аяқтағы рекордер әндерін одан әрі әсерлі еткендей.

Мажарстандықтың өзін сахнада ұстауы әдеттегі әншілердей емес. Көрерменмен емін-еркін байланыс орнатқысы келген Пелидің пейілін халық та ұғынғандай. Оны қолдап, әнге қосылып отырды.

Пели Барна, Венгриялық әнші: “Шымкент қаласы маған өте ұнады. Адамдары да керемет. Климаты да жақсы екен. Алдағы уақытта тағы да ат басын бұрғым келеді. Ал, бүгінгі концертімнің ерекшелігіне келетін болсақ, жалғыз өзім өнер көрсетемін. Бұған дейін ел алдына командаммен шығатынмын».

Айта кетейік, бүгінде Венгрияда 300 мыңға жуық қыпшақ тұрады. Қазақтармен түп-тамырымыз бір деген мажарлар жерімізді ата мекеніне балайды. Бұл жөнінде Будапешттің Шымкент, Қызылорда, Алматыдағы консулы мәлімдеді.

Қайрат Молдасейтов, Венгрияның құрметті консулы: «2 жылда 1 рет «Көшпенділер фестивалін” өткізіп тұрады Еуропада. Тарихы ортақ венгрлардың. Сондықтан осындай іс-шаралар көбірек болса… Венгрияның үкіметі жылына 200 студентке грант береді. Биылдан бастап 250-ге көтеріп отыр. Оның барлығы екі елді жақындастыруға үлкен үлес».

Джаз-рокты тыңдаушылар қатары кеште көп болмады. Бірақ, байланысы бекіп келе жатқан қос қаланың қарым-қатынасы алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Назерке Үкібасова