ОҚО-да венгриялықтар ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін жобалар құратын болды

410

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Венгрия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Ланг Юдитпен кездесті. Басқосуда тараптар екі елдің экономикалық байланысын нығайту және бірлескен жобаларды іске асыру жайын талқылады.

Аймақ басшысы облыстың ауыл шаруашылығы және сауда-экономикалық әлеуетімен таныстырып, өңірде шетелдік кәсіпкерлер үшін көптеген жеңілдіктердің барын айтты.
«Егер біздегі индустриалды аймақта іс бастасаңыздар, Сіздерге барлық жағынан жағдай жасай аламыз. Біріншіден, салықтың барлық түрінен босатыласыздар. Келіңіздер, жұмыс істеңіздер! Біздің өңір негізінен, ауыл шаруашылығына бейім. Жері шұрайлы, табиғаты қолайлы. Сіздердің елдеріңіз де ауыл шаруашылығы саласында асығы алшысынан түскен мемлекет. Сондықтан да сіздерге де оңтайлы болатынына сенімдіміз» – деді Жансейіт Түймебаев.

Жиын барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы бойынша венгриялықтармен бірлескен жобалар іске асыру жайы кеңінен сөз болды. Сондай-ақ, Жансейіт Қансейітұлы мажар елінің білікті мамандарын түстік халқына ауыл шаруашылығын цифрландыру, соңғы технологияларды меңгеру бойынша тәжірибе алмасуға шақырды.

Айта кетейік, 2017 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс 150 млн. АҚШ долларынан асқан.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі