Шымкент қаласының 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті нақтыланды

363
maslihat-shymkent.kz

Қалалық әкімдікте  алтыншы шақырылған Шымкент қаласы мәслихатының кезекті  қырық жетінші сессиясы өтті. Оған  мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев, қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова, депутаттар мен аудан әкімдері, жергілікті атқарушы орган басшылары, БАҚ өкілдері  қатысты.

Жиында отыз бір мәселе қаралып,оның ішінде төрт басқарманың атқарылған жұмыстары туралы есебі тыңдалды. Мәжілісте ең алдымен  2019-2021 жылдарға  арналған  қала бюджеті нақтыланды. Жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова қала мәслихатының 2018 жылғы 14 желтоқсандағы биылғы жылға арналған бюджет көлемінің шешіміне өзгертулер енгізуді, яғни, 171,1 млрд  теңгені 181,4 млрд теңгеге көбейтуді ұсынды.Оның мәліметіне сәйкес, қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған.

Атап айтқанда, қаражат тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көмегін қосымша қамтамасыз етуге, құрылысы бітпеген Тассай шағын ауданы, Тәуке хан, Адырбеков көшелерін, Қонаев, Нұрсұлтан даңғылдарының жалғастыруға, Сыпырған ата құрылыстары  мен Мангелдин көшесіндегі жерүсті өткелді толық орнатып аяқтауға қаралды. Сондай-ақ, 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қараушысы жоқ қарияларға, жетім балаларға, көзі көрмейтін, құлағы естімейтін азаматтарға арналған «Шапағат» және «Асыл жүрек» атты  оңалту, сауықтыру орталықтарын құруға, Алматы, Нұрсұлтан қалаларындағы республикалық ауруханада емделуге жылына 900 ересек пен 800 баланың жолақысын төлеуге, № 2 аурухана мен перзентхананың  күрделі жөндеу жұмыстарына, жер телімдерін мемлекеттік мұқтаждыққа алу үшін, жаңадан ашылған тексеру комиссиясының шығындарына, ескі қалашықтың археологиялық жұмыстарына, «Ордабасы» футбол қлубының шығындарына жұмсалады.

Сондай-ақ,  бизнесті қолдау мен  дамытудың «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы  шеңберінде кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемесін  субсидиялауға, мемлекеттік қызметшілердің факторлы-балдық жүйе бойынша еңбек ақысын  төлеуге, әлеуметтік маңызы бар қоғамдық көліктердің бағытын субсидиялауға да қала бюджетінен берілмек.

Сессияда әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларына қала әкімінің тапсырмасы бойынша өзгерістер енгізілді.

Енді 1 маусым балаларды  қорғау күніне орай 18 жасқа дейінгі 5598 мүгедек балаларға 5 АЕК, ҚР Тәуелсіздік күніне орай Желтоқсан оқиғасына қатысқан 10 адамға 60 АЕК  көлемінде  ақшалай көмек беріледі. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға берілетін бір реттік қаржылай көмек 100 мың  теңгеге көбейтілді. Одан бөлек,  иммун тапшылығы вирусымен өмір сүретін  адамдарға 21 АЕК көлемінде ақша төленетін болды.

Сонымен қатар,  саяси құғын-сүргін құрбандары, одан зардап шеккендер, табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға 400 АЕК көлемінде , ал отбасы мүшелері қайтыс  болған жағдайда 100 АЕК тең қаржылай көмек көрсетіледі.

Бұрын Ұлы отан соғысының ардагерлері мен  «Батыр ана» атағын алған, «Ана даңқы» I және II дәрежелі ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға шипажайда емделуге тегін жолдама берілген болса, енді мәртебесі белгіленбеген зейнеткерлерге жолдаманың 50 пайызы қала бюджетінен төленеді. Ал 80 жастан асқан қараушысы жоқ қарияларға төленетін  жәрдемақының мөлшері  2 АЕК дейін өсті.

Сонымен қатар, мәжілісте Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, Дене шынықтыру және спорт, Мәдениет және тілдерді дамыту, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармаларының жетекшілері  2018 жылы  және ағымдағы жылдың соңғы екі айында  атқарған жұмысының  есебін берді.

Сондай-ақ, Шымкент қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссиясы құрылып, тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес құрамына мәслихат өкілі ретінде  депутат Сұлтанова Төреайым Жолдыбайқызы қосылды.

Жиында «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағын беру және «Құрмет» грамотасын беру  туралы Ережелері де  бекітілді. Енді жылына бір рет салтанатты түрде он адамға дейін «Шымкент қаласының Құрметті азаматы»  атағы беріледі. Бұл атаққа  қаламызға айырықша еңбегі сіңген, оның ішінде экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен білімді дамытуға және интелектуалды әлеуметті дамытуға  үлес қосқан, сонымен қатар мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі жетістігі бар, жұрттардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі  белсенді қызметі үшін, шығармашылықта, бизнесте, спортта , қайырымдылық шараларында белсенділік танытып, жемісті жұмыс жасаған азаматтар ие бола алады. Атақты беру туралы шешімді Шымкент қаласы мәслихаты қабылдайды.

Шымкентке  республикалық маңызы бар қала мәртебесі беріліп, кадрлық өзгерістерге байланысты және мегаполистің экономикасын республикалық деңгейге көтеру мақсатында күн тәртібіндегі мына мәселелер де шешімін тапты.

Жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту туралы» Шымкент қаласының мәслихатының 2018 жылғы 21 қыркүйектегі №37/291-6с шешіміне толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру мәселелері жөніндегі Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы ведомствоаралық комиссиясының құрамын бекітілді. Комиссия құрамына халық қалаулылары Сыдықов Жандарбек пен Хван Евгений қабылданды.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын»іске асыру мәселелері жөніндегі Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі Шымкент қаласы әкімдігінің өңірлік комиссиясының құрамын бекітілді.

Қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы консультациялық-кеңесші органның құрамын бекітілді.

Шымкент қаласы мәслихатының 2018 жылғы 26 қарашадағы «Мемлекеттік – жекеменшік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» №41/329-6с шешіміне өзгерістер енгізілді.

Шымкент қаласының мәслихатының 2018 жылғы 26 қыркүйектегі «Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы инвесторлар кеңесінің дербес құрамын бекіту туралы» №38/306-6с шешіміне өзгерістер енгізілді.

Шымкент қаласының мәслихатының 2018 жылғы 27 шілдедегі №35/282-6с «Шымкент қаласы әкімдігінің жанында «Бизнес Шымкент» өңірлік үйлестіру кеңесінің дербес құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізілді. Кеңестің дербес құрамына депутат Мұхтар Битеміров енгізілді.

Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңесінің жеке құрамын бекітілді.

Шымкент қаласында ортақ су пайдалану қағидаларын бекіту туралы;
Шымкент қаласында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидасы бекітілді.

Шымкент қаласында иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидасын бекітілді.

Шымкент қаласы әкімдігінің жер комиссиясының құрамына өзгерістер енгізілді.
Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесінің құрамы бекітілді.

Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясының «Б» корпусының «D-1» және «D-2» санаттарындағы мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары бекітілді.

Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясының мүшелері болып тағайындалды.
Шымкент қаласы мәслихатының тұрақты комиссияларының жұмыстары туралы есеп берілді.

Шымкент қаласы мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев 2018 жылы атқарған жұмыстары мен тұрақты комиссияларының жұмыстары жайлы есебі берілді.

Алтыншы шақырылған Шымкент қаласы мәслихатының кезекті қырық жетінші сессиясының төрағасы болып № 3 округтің депутаты Бахадир Салимов сайланды.

Айта кетейік, қала мәслихатының кезекті  47 сессияның күн тәртібіндегі 31 мәселе бұдан бұрын тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстарында және «Нұр Отан» партиясы фракциясында егжей-тегжейлі қаралып, бірлескен мәміле қабылданды.

Битеміров Мұхтар Құралұлы төрағалық еткен мәжіліс соңында депутаттар мен әкім орынбасары  жергілікті атқарушы орган басшыларына  алдағы халық игілігі үшін жасалатын жұмыстарға  табыс тіледі.