Шымкент қалалық сотының жанынан ақпараттық орталық ашылды

452

Жаңа орталықтың қазіргі бағыты мен бағдарын, БАҚ өкілдері арқылы жүзеге асатын жаңа жобаларын қала бойынша бекітілген соттар әкімшісінің басшысы Нұрсұлтан Байтілесов таныстырды.

Айтуынша, енді қалалық соттың ресми сайтында да бірқатар оңды өзгерістер орын алады. Жергілікті жұрт қайбір сотқа қатысуы үшін алдын ала «онлайн» жүйесіне өтінім-хат тастаса, санаулы минуттар ішінде өтініш иесіне тиісті жауап беріледі. Және ол сот залына келмей-ақ, ғаламтор арқылы сот процесін бақылауға мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ, сот жүйесіне қатысты келелі мәселелер немесе қылмыстық, азаматтық немесе әкімшілік істерге байланысты туындыған түйінді тақырыптар да осы орталықта талқыланбақ. Журналистер мен тұрғындардың сотта қаралған істер, шыққан үкім бойынша қосымша сауалдары болған жағдайда, дәл осы ақпараттық орталықтың қызметіне жүгіне алады. Бұл үшін мұнда арнайы жағдайлар қарастырылыпты. Нұрсұлтан Байтілесов осы шараның бәрі мегаполистегі сот жұмысының ашықтығы мен айқындылығын арттыратынына сенімді.

Нұрсұлтан Байтілесов, Шымкент қаласы бойынша соттар әкімшісінің басшысы: «Тұрғындар мен БАҚ өкілдері үшін тегін ғаламтор желісі яғни «WI-FI» қосылған. Сондай-ақ, арнайы ыңғайластырылған орындықтар да бар. Және баспасөз бөлімі қажетті ақпараттармен толық қаматамасыз етеді».

Мөлдір Бекеева