Шымкенттік дәрігерлер инсульт алған жүкті әйелдің бас сүйегіне пластик қойып берді

207

Шымкентте дәрігерлер инсульт алған азаматшаға шұғыл түрде ота жасап, ажалдан арашалап қалды. Қалалық перинеталдық орталықта босанған әйелдің жағдайы күрт нашарлап, ес – түссіз халге түскен болатын.

Тексеру кезінде 40 жастағы келіншектің миына қан құйылып, инсульт алғаны анықталған. Дәрігерлер азаматшаға шұғыл түрде ота жасап, инсульт басталғанда бас сүйегінде пайда болған ақауды хирургиялық жолмен емдеп берді.

Күрделі ота Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас нейрохирургі Сәрсен Пернебековтың жетекшілігімен жүргізілген. Хирургтар ота кезінде босанған әйелдің бас сүйегін ашып, инсульттен пайда болған мида ұйыған қанды алып тастады.

«Комаға түскен әйелге бірден ота жасауға шешім қабылдадық. Отаны екі сағатқа жуық жасадық. Бас сүйегінің ота жасалған бөлігі алынған кезде мида ешқандай тамыр соғысы болған жоқ. Мидың түсі қою, қызыл түсті болды. Навигациялық жүйенің көмегімен мидың ішіндегі қан ұюдың орнын анықтап, мидың ішкі бөлігінің гематомасы яғни, қан ұюын алып тастадық. Ми ішінің қан ағуын тоқтаттық», – дейді ота жасаған нейрохирург Сәрсен Пернебеков.

Отадан кейін азаматшаның қазіргі жағдайы жақсы. Ауруханада оңалту емін толық алып, үйіне шығарылды. Ең бастысы жаңадан босанған келіншек сәбиін құшағына алып, ана мен бала қайта табысты.

Лаура Нақыпқызы