Шымкенттік дәрігерлер ота жасаудың оңай жолын үйренді

277

Қаламыздағы Флебология және лазерлік медицина клиникасы және Өзбекстан Республикасының Ұлттық инновациялық денсаулық сақтау палатасы екі тарапқа да тиімді мәмілеге келді. Келісім бойынша, екі елдің дәрігерлері тамыр ауруларын емдеудің жаңа жолдарын бірлесе отырып зерттейді.

Қос елдің дәрігерлері бұдан былай ынтымақтастық аясында жұмыс істейді. Меморандум аясында ақ халаттылар тамыр ауруларын емдеудің жаңа түрлерін меңгереді. Соның нәтижесінде аяқ тамырларына жасалатын ең жеңіл эндоскопиялық ота біршама азрандайды.

Изамов Ровшан, Өзбекстан Республикасының Ұлттық инновациялық денсаулық сақтау палатасының төрағасы: “Біз шынымен де бұл істің болашағы бар екендігін көріп тұрмыз. Бүгін өзіміз құрып отырған платформа екі елдің де дәрігерлері үшін алтын көпір болмақ. Тіпті қазірдің өзінде екі білікті маманымыз осында. Науқастарды қабылдап, ем шараларын жүргізіп жатыр. Енді бұл іс жүйелі түрде атқарылуы үшін барлық күш-жігерімізді саламыз”.

Меморандум тамыр аурулары бойынша білікті мамандардың басын қосты. Көздейтіні, медицинадағы соңғы өзгерістерді қолданысқа енгізу. Осыны жүзеге асыру үшін өзбекстандық флебиолог дәрігерлер шымкенттік әріптестеріне шеберлік сабақтарын өткізді.

Әлия Илимова, хирург- проктолог: “Біздің ташкенттік дәрігерлерден үйренеріміз көп деп білемін. Олардың қалай жұмыс істейтінін көру маған қызық. Біздің де береріміз бар. Осындай халықаралық байланыстар медицинаның дамуына үлкен үлес қосады”.

Шымкенттегі Флебология және лазерлі медицина клиникасының дәрігерлері бүгінде Ресей, Белоруссия, Литва және Өзбекстан сынды елдердің кәсіби мамандарымен қоян-қолтық жұмыс істейді. Соның арқасында қан тамырлары ауруын емдеп қана қоймай, оның алдын алу жолға қойылмақ.

Меруерт Ахан