Түлкібас ауданында зиратты малдың өлексесін тастайтын орынға айналдырған

699

Қорым қақпасының алды қоқыс пен өлексеге толы. Түлкібас ауданындағы «Тастұмсық» ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері осындай көріністің куәсі болып келеді. Сөздеріне сенсек, өлекселер мазараттың дәл жанында орналасқан фермаға тиесілі. Жергілікті атқарушы билік бұл мәселені шешуде тек уәде берумен ғана келеді дейді ауыл тұрғыны Светлана Володина.

«Тастұмсық» ауылындағы зират қоқыстан көз ашпайды. Мазараттың жанында жануарларға арналған ферма мен оларды жерлейтін жер бар. Алайда, барлық өлексе молаға көміле бермейді. Тіпті кейбіреулері жол шетінде шашылып жатады. Ал шаруа қожалығынан шыққан лас судың бәрі тікелей зиратқа ағып келеді.

Светлана Володина, ауыл тұрғыны: «Мүрделердің барлығын дерлік мал таптап кеткен. Мынадай жерде қалай әруақты еске аласың? Әкімшіліктегілер айтқан кезімізде келіп, жол жағасын өлекселерден тазартқан болатын. Ал ферма бәрін қайтадан шашып жатыр. Мына өлекселерді құртпай ма енді, қайда жаратпақ ниеттері бар?!».

Светлана Володинаның күйеуі мен ұлы осы зиратта жерленген. Өлілердің разылығы үшін мазаратты өзі келіп жинап жүреді. Ал құзырлы мекемелер тарапынан ешқандай бақылау жоқ екеніне ашынады. Қайта-қайта шағым түсіргендерінен нәтиже шықпапты.

Осы уақытта әкімшілік өкілдері зиратқа келіп, ферма қожайынын шақырды. Басында бұл жерге қоқыс тастамадым деп шырылдаған шаруа қожалық иесі, кейіннен барлық жерді дұрыстап тазалайтындығын айтты.

Түлкібас ауданының әкімшілігі бұл жағдай бойынша пікір білдіруден бас тартты. Тек жақын арада зираттағы қоқыс толықтай тазаланады деп сендірді.

Меруерт Ахан