Ыстық сумен клизма: Бас дәрігер 113 мың теңге айыппұл төлейтін болды

380

Ақ халаттылардың салғырттығының салдарынан сау бала сергелдеңге түсті. Ыстық сумен жасалған клизмадан күйіп қалған бала Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми-орталығына санавиация арқылы жеткізілген болатын. Баланың беті бері қарап келеді.

Осы оқиғаға байланысты бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қоғамдық денсаулық сақтау Комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин Шымкентке арнайы келіп, брифинг өткізді. Комитет төрағасының айтуынша клизмадан күйген балаға қатысты жауапты қызметкерлерге қатаң шара қолданылған.

Аталған факті бойынша 2 медбике жұмыстан шығарылған, бас медбике қызметінен алыныпты. Бас дәрігердің орынбасары мен емдеуші дәрігерге қатаң сөгіс жарияланған. Бұдан бөлек, Шымкент қалалық инфекциялық аурухананың бас дәрігеріне әкімшілік жаза ретінде 113 мың теңге айыппұл салыныпты. Сондай-ақ, тексерістің қорытындысы бойынша материалдар процессуалдық шешім шығару үшін құқық қорғау органдарына жіберілген.

Жандарбек Бекшин, Қоғамдық денсаулық сақтау Комитетінің төрағасы: «Клизманы осы ауруханада жұмыс істейтін А. Исабекова істеуі керек болған. Алайда ол И. Нәлібаеваға тапсырған. Жас маман «Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша уақытша 6 айға жұмысқа тұрған. Екеуінде де жұмыс істеуге рұқсат беретін сертификаты бар… Балаға ректоскопия жасау кезінде тікішегінің шырышты қабатының күйгені байқалады. Бірінші және екінші дәрежелі күйік алған. Қансырау мен невроз белгілері жоқ. 5 см ішегі ыстық сумен зақымдалған. Дәрігерлердің айтуынша баланың жағдайы орташа. Бұл мәселе Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің, ДС министрінің бақылауында. Жұмыс әлі аяқталған жоқ. Ем біткен соң, нәтижесі анықталғаннан кейін барлық құжаттар Ішкі істер министрлігіне жіберіледі. Құқықтық процессуалдық шешім шығарылатын болады… Ал сертификат жайына келер болсақ, барлық материалдар қолға түскен соң, сот арқылы сертификатты аламыз. Содан соң сот шешім шығарады».

Медбикелердің басты қателіктері де сол судың температурасына қарамаған. Әрине ыстық сумен клизма жасамау керектігін медициналық білімі бар медбике ғана емес, қарапайым адам да біледі емес пе? Қателікке бой алдырған медбике Жетісай меицициналық колледжінің 2016 жылғы түлегі болып шықты. Қолында сертификаты бар.

Жауапсыздық па, немқұрайдылық па бұл мәселеге қалай баға берсек те, мәселенің түпкі мәнісіне үңілу қажет сияқты. Саңырауқұлақтай қаптап кеткен медициналық колледждерді сүзгіден өткізетін уақыт әлдеқашан жеткен сықылды.

Г.Көшерова