Тарихи референдум күні Шымкенттің перзентханаларында 65 нәресте өмір есігін ашты. Дәрігерлердің мәліметінше, ана мен балалардың жағдайы жақсы. Бұл күн енді олардың өміріндегі ерекше датаға айналды. Себебі жаңа Конституция қабылданып, 15 наурыз Конституция күні болып белгіленді. Жаңа босанған аналармен тілдесіп қайтқан тілші бейнематериалында.
Шымкенттік тұрғын Ақбота Нұраман 30 жасында 4 сәбиін босанды. Ай күні жетіп, толғағы қысқан келіншек 15 Наурыз күні шекесі торсықтай ұлын бауырына басты. Нәрестеге Әмір есімін беріп, отбасымен қуанып отыр. Аяқ-қолын жинаған соң, референдумда еліміздің болашағы үшін өз таңдауында жасап үлгерген.
АҚБОТА НҰРАМАН: «Жүктілігім жақсы өтті. Кеше азанда толғағым басталды. 15,03 босанып алдым, дауыс беріп үлгердік. Есімін Әмір деп қойды. Әкесі, Әмір Темір деген батыр болған ғой, соған сәйкес қылып қойдық».
Айта кетейік, қалалық перзентханада 17 сәби дүниеге келген. Олардың жағдайы жақсы. Толықтай дәрігерлердің бақылауында. Перзентхана қызметкерлері жаңа туған нәрестелерге қажетті барлық медициналық көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті. Әрбір сәбидің денсаулығы жіті қадағаланып, арнайы бөлімшелерде күтім жасалып жатыр.
АЙНҰР ҚАДЫРБЕКОВА, БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: «Жағдайлары жақсы, бірқалыпты. Бізде сол күні референдумда іште жатқан 90 әйелдерде өз дауыстарын берді. Біз міндетті түрде босану барысында көмегімізді беріп, түсіндіріп, оларды екі сағат бақылаймыз».
Ал, Республика бойынша 585 нәресте дүниеге келді. Оның ішінде 310 ұл, 275 қыз бала. Сонымен қатар, екі егіз нәрестелерде дүние есігін ашты. Ал, Маңғыстауда бір сәбиге Атазаң есімі берілді.
Нұргүл Жолымбетова






