Шымкентте екі жарым айлық нәресте сүтке тұншыға жаздады. Оқиға 1 ақпан күні болған. Анасы сәбиін емізіп, артынан тоймай қалды ма деп, қосымша тамақ беріпті. Бірер сәттен соң нәресте лоқси бастаған. Сәбидің көгере бастағанын көріп, қорыққан әйел дереу жедел жәрдем шақырыпты.
Алайда дәрігерлер келген кезде шақалақ тыныс алмай жатқан еді. Сол сәтте ақ халаттылар жылдам әрекет етіп, балақайдың өмірін аман сақтап қалды. Кейін тексеріс кезінде нәрестенің жүрегі 2-3 минут бойы соқпай қалғаны белгілі болды.
АСЫЛБЕК САИДМҰРАДОВ, ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ КӨРСЕТУ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ: «Ауыз қуысына санакция жасап, жүрекке тікелей емес массаж жасап, амбул қапшығымен ауа беріп, ауа өткізгіш түтікшесін қою нәтижесінде 2-3 мин ішінде нәресте жылады. Жағдайы өз қалпына келе бастады. Сосын жақын маңайдағы қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі таңда нәрестенің жағдайы жақсы, тұрақты».
Дәрігерлер мұндай жағдайда шұғыл әрі дұрыс әрекет ету маңызды екенін ескертеді. Сонымен қатар, бала тойғаннан кейін оған қосымша тамақ беруге болмайтынын да атап өтті. Сондықтан олар ата-аналардан сәбилерге мұқият қарап, алғашқы көмек көрсету ережелерін білуге және сақтауға шақырады.
АСЫЛБЕК САИДМҰРАДОВ, ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ КӨРСЕТУ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ: «Баланың жұтыну рефлексі нашар дамыған ғой. Жұтынуы бірден болмайды. Сосын біз келгенше артынан қаға берген. Оның өзі дұрыс емес. Артынан қақпау керек. Қаққанда да оның ауыз қуысын дұрыстап тазалап тұру керек. Мұндай жағдайлар біздің жұмысымызда жиі болып тұрады. Өте көп. Мен қазір жұмыс істеп жатқаныма 13 жыл болса, осы жылдың ішінде 10-15 балаға осылай реанимациялық іс-шараларды жүргіздік»
Лаура Бабас






