Қызылшаға қарсы 23 400 дана вакцина сатып алынды

257

Денедегі қызыл дақтар, температураның көтерілуі, бас ауруы меңдеп аурухана жағалаған балалардың саны қаламызда 610-ға жетіп отыр. Оның 488-і екпе салдырмаған. Кейбір бүлдіршіндер 1 жасқа толмағандықтан екпе салдырып үлгермесе, келесілері медициналық нәтиже бойынша ектірмеген.

Ал 98-нің ата-анасы бас тартқан екен. Ауру ересектерді де айналып өтпеді. Олардың саны 200-ден асып отыр. Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша қалада 8 жағдай тіркелсе, биыл жыл басынан 831 шымкенттік қызылша жұқтырған.

Айта кететін жайт, дабыл бүкіл Еуропа континентінде соғылып отыр. Қаламыздың қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше 53 елдің барлығы да инфекциялық ауруды жұқтырған. Көрсеткіштің күрт көтерілуі негізінен Украинада анықталған. Біздегі нәтиже жоғары болғанымен, эпидемиядан алыс дейді сала мамандары.

Забира Есенғараева, Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің Шымкент қаласы бойынша инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы: «Қызылша аурушаңдығы бүкіл әлемге, соның ішінде дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына есеп беретін 195 мемлекеттің 184-де тіркеліп отыр. Қазақстан Республикасында да, алыс-жақын шет елдерде де. Және сол алыс-жақын шетелдермен көшіп қону, араласу салдарынан қазір қызылша аурушаңдығы Шымкентте де тіркеліп отыр».

Қызылшаны алдын алудағы жалғыз жол-дер кезінде екпе ектіру. Осы үшін Шымкентте қызылшаға қарсы қосымша вакцинация жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, 9-10 айлық балалар, 40 жастағы медицина қызметкерлері сақтандырылып жатыр. Қауіпке ие тұрғындарға арналып, 23 400 дана вакцина сатып алынған.

Назерке Үкібасова