Қайтыс болған кісіні жерлеу үшін жәрдемақы берілетінін білесіз бе? Иә, беріледі. Көбі «мұндай көмек тек зейнеткерлер қайтыс болғанда ғана тағайындалады» деп есептейді. Жоқ, зейнет жасына толмаған азамат та кенеттен көз жұмса, оның жақындарына аталған жәрдемақы беріледі. Сонымен, жерлеуге байланысты тағайындалатын жәрдемақының көлемі қанша? Оны кімдер алады? Құжатты қалай ресімдейд? Бұл сұрақтарға мамандар жауап берді.
БЖЗҚ арқылы берілетін сома — 132 310 теңге
Жерлеуге тағайындалатын ақша екі жолмен беріледі. Соның біріншісі – «БЖЗҚ» АҚ арқылы. «БЖЗҚ» АҚ Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Әбдімұрат Исабаев оның тағайындалу жолдарын айтып берді.
Әбдімұрат Исабаев, «БЖЗҚ» АҚ Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары:
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 50-бабы 5-тармағында көрсетілгендей алушы, сондай-ақ «БЖЗҚ» АҚ-да зейнетақы жинақтары бар және Заңның 11-бабының 1-3-тармақтарына сәйкес зейнеткерлік жасқа толмаған адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға БЖЗҚ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшері шегінде жәрдемақы беріледі. Яғни, 2019 жылы 1 АЕК- 2525 теңге оны 52,4 -ке көбейтеміз (2525*52,4) 132 310 теңге көлемінде беріледі. Ескеретін жайт, біржолғы төлемнің көлемі жеке зейнетақы шотында бар қаражаттан аспауы тиіс. Ал жинақталған зейнетақы қаражаты жоқ адамдар республикалық бюджет есебінен жерленеді. Бұл үшін жерлеуге 39 643 теңге мөлшерінде қаржы беріледі — дейді Әбдімұрат Исабаев.
Сондай-ақ Әбдімұрат Жүнісұлының сөзінше, егер жерлеуге арналған біржолғы төлем берілгеннен кейін алушының жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары қалдығының сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраған жағдайда, бұл қалдық жерлеуге арналған төлем ретінде төленеді.
Кімдер ала алады және қандай құжаттар тапсырады?
Жерлеуге арналған бір жолғы төлемді БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған адамның отбасы мүшесі, жақыны немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға беріледі. Бұл ретте осы тұлғалардың мұрагер болып табылуы шарт емес. Осы үшін сол санаттағы адамдар БЖЗҚ-ға мынадай құжаттарды тапсыруы шарт:
БЖЗҚ-ның ішкі құжатымен бекітілген нысан бойынша зейнетақы төлемін тағайындау туралы өтініш;
зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған адамның отбасы мүшесінің немесе жерлеуді жүзеге асырған адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін және салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын;
зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болғаны туралы куәліктің көшірмесін және салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын;
зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған адамның отбасы мүшесінің не жерлеуді жүзеге асырған адамның банк шоты туралы мәліметтерді ұсынады.
Әбдімұрат Исабаев тағы бір нәрсені ескертіп өтті. Айтуынша, жерлеуге берілетін біржолғы төлем БЖЗҚ-ға зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған адамның отбасы мүшесі немесе жерлеуді жүзеге асырған адам өзі келіп өтініш білдіргенде ғана жүзеге асырылады. Яғни аталған адамдар БЖЗҚ-ға пошта байланысы арқылы немесе үшінші (сенім білдірілген) тұлға арқылы жүгінген кезде өтініш орындалуға қабылданбайды екен. Сондай-ақ №1042 Қағидалардың 12-тармағына сай, жерлеуге арналған біржолғы төлем құжаттар қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Көз жұмған адамның зейнетақы жинағы не болмақ?
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабы 2-тармағына сай, БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, оның зейнетақы жинақтары Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте мұраға қалдырылады. Қаржыны толық алу үшін туыстары 6 айдан соң, ет жақынының қайтыс болғаны жөніндегі құжат пен мұрагерлік анықтамасын өткізіп, ақшаны алу жөнінде өтініш беру қажет екен.
Жоғарыда біз БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болғанда төленетін жерлеуге арналған біржолғы төлемге тоқталып өттік. Бұл төлемнен бөлек,«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ арқылы да жерлеуге берілетін жәрдемақы алуға болады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Жомарт Үмбеталиевтің айтуынша, ол төлем аталмыш мекеменің алушыларына ғана тағайындалады екен.
Жәрдемақыны алудың екінші түрі
Жомарт Үмбеталиев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директоры:
– Алушылар деп біз арқылы жасына байланыс-ты зейнетақы төлемдерін алушы, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алушы, мүгедектігіне байланысты, асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алушы, декреттік және бала күтіміне жәрдемақы алушылар, сондай-ақ басқа да атаулы көмек алушыларды айтамыз. Бірақ бұл санттағылардың да барлығы жерлеуге берілетін бір реттік жәрдемақыны ала алмайды. Тек, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушы, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алушы, мүгедектігіне байланысты, асыраушысынан айырылуына байланыс-ты жәрдемақы алушылар қайтыс болғанда тағайындалады. Сондай-ақ тағайындалады деген тізімге жерас-ты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда немесе еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда істеген адамдарға берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы алушыларға да тағайындалады. Осы санттағы адамдар қайтыс болған жағдайда, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 2,3-тармағына сәйкес оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған тұлғаға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 15,7 еселенген мөлшерінде, яғни 39,643 теңге беріледі, — дейді Жомар Үмбеталиев.
Сондай-ақ ол Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға, ҰОС мүгедектері мен мүгедекке теңестірліген тұлғаларды жерлеуге – 92 415 теңге (36,6 АЕК) жәрдемақы тағайындалатынын айтты.
Осы аталған төлемді алу мақсатында қайтыс болған адамның отбасы мүшесі, жақыны, туыстары болмаған жағдайда жерлеуді жүзеге асырған адам (көршісі, әріптесі, т.б. ) фронт-офиске барып өтініш білдіруі керек. Қажетті құжаттар:
төлемді алуға өтініш білдірген адамның жеке басын куәландыратын құжат;
жәрдемақы тағайындалған азамттың қайтыс болғанын растайтын құжат;
қайтыс болған адамның отбасы мүшесінің не жерлеуді жүзеге асырған адамның банк шоты туралы мәліметтер.
Айта кетейік, 2019 жылы 1 АЕК – 2525 теңге, өмір сұру құны 29 698 теңге, ең төменгі зейнетақы (2018 жылы тағайындалғандар үшін) – 36108 теңге, ал ең төменгі жалақы – 42 500 теңге болды.
Әлия ӘДІЛБЕК
«Оңтүстік Рабат» газеті, №11, 13 наурыз 2019 ж
Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде
осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті