Úı ANONS Мәйітті жерлеу ісі жеңілдеді

Мәйітті жерлеу ісі жеңілдеді

Жерлеу ісі жеңілдеді. Енді қала тұрғындары, адам дүние салған соң, жер іздеп даурықпайды. Немесе, ата-бабам қайда жатыр деп іздеп әлекке түспейді. Тек, Jerleu.kz арнайы сайтына кіріп, қажетті ақпаратты енгізсе болғаны. Бұл рәсім қалай жүзеге асады? Оған көрсетілетін қызметтер ақылы бола ма? Әріптесім Нұргүл Жолымбетова айтып береді.

Жерлеу жұмыстары цифрландырылып жатыр. Шымкент қаласы аумағындағы зираттар есебін цифрландыру және ретке келтіру мақсатындағы жұмыстар 1 сәуірден бастау алды. Жалпы ақпаратты бір платформада ұсыну процесі 31 желтоқсанға дейін жалғасады дейді мамандар. Олардың айтуынша, қазіргі таңда, қаладағы екі зират толық цифровизациядан өткізілген. Бұл әзірге пилоттық жоба.

Мұхит Кемелов, Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының басшысы: «Біз бірінші картаны дайындадық. Мазараттарға жауапты мамандар бар. Одан кейін шырақшыларды дайындадық. Қарап отырыңыздар, өтініш түссе, қабылдаңыздар деп. Түсіну үшін оқыттық. Одан да көп зираттарды белгілеп қойғанбыз. Бос, бос емес деп, бесеуін тесттен өткізіп көреміз деп. Өтініш әлі түскен жоқ. Себебі барлығы ручном режимде кетіп жатыр».

Кез-келген адам жерлеу.кз сайытына кіріп, дүние салған адамға жерлеу орнын белгілей алады. Яғни, марқұмның қайтыс болғанын дәлелдейтін анықтаманы енгізіп, қажетті ақпараттарды терсе жеткілікті. Жүйе бос орындарды көрсетіп береді. Мұнан соң сіз уақытты, күнін өзіңіз таңдайсыз.

Нұрлан Әмірханұлы, Жерлеу бөлімінің маманы: «Жерлеу порталына автоматты түрде номер беріледі. Жерін, номерін көрсетеміз. Өтініш берушілермен бірігіп, орнын көрсетіп беру біздің тарапымыздан. Кейіннен келіп, порталдан кімнің қайда жерленгенін сол жерден кіріп көре алады».

Десе де, әзірге шырақшылар марқұмды жерлеген соң, аты-жөнін, ЖСН нөмірін жазып алып, журналға тіркеп жатыр. Егер өтініш берушілердің саны артса, бұл мәселе толықтай шешіледі деп үміттенеді.

Нұрлан Әмірханұлы, Жерлеу бөлімінің маманы: «Қазіргі таңда, бұл жүйе өзіміздің журналымызға тіркейміз. Ол қағазды маманға береміз. Ал маман компьютерге енгізіп, аты-жөнімен тіркеледі».

Бұдан бөлек, жерлеу рәсіміне қатысты, орындарын тазалау, жер қазу, көгалдандыру және гүлдермен безендіру бойынша қызметтерге тапсырыс беру, сонымен қатар, қабіртастар орнату жұмыстарына да сайт арқылы тапсырыс бере аласыздар. Яғни, сайттағы баға тікелей компания ұсынған бағамен бірдей болады дейді мамандар. Бұл ең алдымен қиын сәттегі адамдарға ыңғайлылық пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін жасалған».

әйгерім Әлмұрзаева, «JERLEU» жобасының жетекшісі: «Пайдаланушылар жерлеуге өтінім берген кезде, бірден өздеріне қажет ритуалдық қызмет түрлерін таңдай алады. Мысалы, қабір қазу, ескерткіш орнату, табыт және өзге де жерлеу рәсіміне қатысты атрибуттар. Алайда бұл міндетті талап емес — адамдар «Өз күшімен» деген функцияны таңдап, рәсімді өздері өткізе алады. Маңыздысы — қызмет бағалары тұрақты және бірыңғай. Қазірдің өзінде Астана қаласында бірқатар ритуалдық компаниялар бізбен серіктес болуға дайын — олар: «Аист», «Қамқор Шарапат». Қалған қалаларда, соның ішінде Шымкент қаласында, біз келіссөздер жүргізу кезеңіндеміз».

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша 105 зират бар. Оның ішінде екі бейіттен жалпы 655 орын цифрландыруға енгізілген. Егер бұл жоба нәтиже берсе, қалған зираттар толығымен осы жүйеге өтеді.

 Нұргүл Жолымбетова