Шымкенттегі мамандандырылған қызмет көрсету орталығы өкілдерінің тәртібі бүгін ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында қаралды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өкілдері мұны парақорлыққа айқара жол ашатын фактор деп бағалап отыр.
Ал орталық пен тіркеу емтихан бөлімінің мамандары тиісті министрліктің бір-біріне кереғар келетін бұйрықтарын алға тартып, ақталды.
Айбек Шілманов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары: «Бұл құжат не үшін қажет болды? Осыған дейін де талай рет бұл мәселе қаралған. Әйтеуір бір жағынан бір түйіткіл шығып тұрады. Кереғар құжаттардан халық жапа шекпеуі тиіс қой».
Ал көші-қон полиция қызметкерлері жұмыс уақытында қызмет орнында болмайды екен. Мөрлерін өздері алып кетіп, халықты негізсіз күттіретін мамандар мәселесі де майшаммен қаралды. Мемлекеттік қызметті көрсетуде түрлі пысықайлықтарға баратын азаматтарға тиісті шаралар көру үшін тараптардың түрлі ұсыныстары тыңдалды.
Мақпал Рысбаева