Балаларға ойын алаңшасын салатын жер жоқ

339

«Оңтүстік» шағынаудандағы «Саяжай «көшесінің тұрғындары балалар алаңшасын салып беруді сұрайды. Шымкенттегі ескі шағын аудандардың бірінде балалар ойнайтын орын қаралмаған дейді көпшілік. Алдағы үш ай демалыста бүлдіршіндер бос уақытын өткізетін жер керек

«Оңтүстік» шағынауданының тұрғындары балалар алаңшасын салуға Хазірет Әли мешітінің жерін көздеп отыр. Айтуларынша, мешіт жерінің жасыл желек егілген бөлігі балалар алаңшасы үшін өте қолайлы. Дін өкілдері ұсыныспен келіспеген жағдайда жол бойындаға бос жатқан шағын жер телімін көрсетті.

Әрине дін өкілдері ел ертеңі бүлдіршіндер еліміздің лайықты азаматы болып қалыптасуына үлес қосуына қарсы емес. Алайда мешіт иелігіндегі мүлікті, жер телімін пайдалану, оның мақсатын өзгерту тек Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының рұқсатымен жасалады екен. Жамағат өз өтініштерін сол басқармаға жолдаса болады деп қысқа қайырды .

Мұхамеджан Естеміров, найб имам: «Әрине біз оған қарсы емеспіз. Бірақ барлық мәселені діни басқарма шешеді. Біз балалардың дені сау, шыныққан азамат болып өскенін қалаймыз».

Халықтың өтініші орындалып жер мәселесі шешілгенімен Еңбекші ауданы әкімдігі жеке сектроға балалар алаңшасын салу жоспары жоқ дейді. Биылғы жылы көпқабатты үй аулаларындағы ойын алаңшаларын мемлекеттік жеке меншік әріптестік арқылы іске асырмақ екен. Ол үшін 2019-2024 жылдарға 1,5 млрд. теңге қаражат қаралған.

Александр Малахов, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Біріншіден саяжай көшесі тұрғындарынан бізге ешқандай арыз түскен жоқ. Балалар алаңшасын орнату туралы екіншіден жеке секторда алақандай жер қалмаған».

«Үйдегі ойды базардағы баға бұзады» деген. Осылайша, «Оңтүстік» ықшамауданы тұрғындарының тілегі жергілікті бюджеттен орындалмайтын түрі бар. Балаларының ойынын қамтамасыз еткісі келсе, тұрғындар қаржыны өз қалтасынан шығаруы тиіс болады. Ол да егер дін өкілдері жер телімін беруге келісетін болса.

Нұрлан Күдерұлы