Балалар алаңшасын салу мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын болады

289

Алдағы екі – үшжылда Шымкент қаласындағы көпқабатты үй аулаларында балалар және спорт алаңшалары толық салынып бітуі тиіс. Бүгін қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов аудан әкімдеріне осындай тапсырма берді. Аудан әкімдері бұл жұмысты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асыратын болады.

Еңбекші ауданы бойынша бұл жұмыс басталып та кеткен. Ауданда 2019-2024 жылдар аралағында арнайы бағдарлама жасалып, 1 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Енді тек мемлекеттік сатып алу конкурсын ұйымдастыру қалып тұр. Тендердің жеңімпазы атанғандар 5 жыл бойы аудандағы балалар және спорт алаңдарын күтіп ұстаумен қоса жаңа алаңшалар орнататын болады.

Гүлжен Құрманбекова, қала әкімінің орынбасары: “Қолда бар 25 алаңшаны күтіп ұстайды және 35 алаңша салады”.

Қала әкімі өзге үш аудан әкімдері де осындай бағдарлама әзірлеуі тиіс деген тапсырма берді. Себебі Шымкент қаласындағы көпқабатты үй аулаларында тозығы жеткен алаңшалар көп. Бір ғана Әл Фараби ауданы бойынша 161 алаңша жөндеулі қажет.

Қалалық мәслихат депутаттары бағдарламаны әзірлеу барысында ережеге өзгерту енгізуді ұсынды. Айтуларынша кәсіпкерді мемлекеттік – жеке меншік әріптестікке көбірек тарту үшін әр лотқа бөлінетін қаражаттың көлемін азайту қажет деді. Бағдарлама әзірлейтін аудан әкімдіктері ұсынысты ескеруге келісті.

Нұрлан Күдерұлы