Абай ауданында биыл 17 балалар алаңшасы мен 10 спорт алаңы ел игілігіне тапсырылады

59

Қаламыздағы Абай ауданында спорт алаңшаларын салу жұмыстары қарқынды түрде жүруде. Бұрын көпқабатты үйлердің аулаларында бой көтерген алаңшалар енді қаланың іргесіндегі шағынаудан мен тұрғын алаптарында салынуда. Халық қатысатын бюджет жобасының арқасында тұрғындардың өтініштері бойынша ауданда 17 балалар алаңшасы мен 10 спорт алаңшасы бой көтерді.

Жазғы демалысқа шыққан Несібелі Несіпбек сіңлілерін алып жаңа балалар алаңшасына келуді әдетке айналдырған. Мұнда сырғанақтан бастап денеңді шынықтыруға арналған тренажерлар бар.
Несібелі Несіпбек, Самал-3 шағынауданының тұрғыны: «Менің үш сіңлім бар. Осы жақта кешке таман күнделікті ойнайды. Өздеріне ыңғайлы, үйде іші пыспайды. Сондықтан осы жаққа келіп ойнайды».

Самал -3 шағынауданының тұрғындары балалар және спорт алаңшасын құрылысы жөнінде өтініштерінің қабылданып, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы жүзеге асқанына дән риза.

Тұрғын: «Бұрындары жоқ болатын. Балаларға қазір  дұрыс болып қалды. Алып келіп ойнатып, алаңдамай қарап отырамыз сыртынан».

Осылайша аудан бюджетінен бөлінген қаражатқа елдімекендердегі халықтың өтніші ескеріліп, әлеуметтік нысандар бой көтеруде.

Абай ауданында жалпы 34 елді мекен бар. Оның ішіндегі 3 қала орталығында, 31 шеткі шалғай аудандар деп айтсақ болады.

Нұрлан Тілеш, Абай ауданы әкімінің орынбасары: «Ауданда 254 аула бар. Бүгінгі таңда өткен жылдың өзінде  55 қойдық. Биыл  27 орнаттық, халық қатысатын бюджет деп тағы 5 алаңшаға қаржы бөлініп жатыр».

Абай ауданында биыл пайдалануға тапсырылатын 27 балалар және спорт алаңшаларының үшеуі осы Самал -3 шағынауданы аумағында бой көтерген. Ұлы дала мен Изенді көшелерінің қиылысындағы мына балалар және спорт алаңдары осы төңіректегі ұл-қыздардың ойын сауық құратын ең сүйікті орны. Қымбат Сейсембекова «балаларым үшін уайымдамайтын болдым, үйіміздің дәл алдында балалар ойнайтын алаң бар» дейді.

Қымбат Сейсембекова, Самал-3 шағынауданының тұрғыны: «Мынау құр қара жер еді жатқан. Балалармен қалаға шығу да қиын ғой негізінде. Ойнатып, батутқа апару үшін. Қазір үйдің дәл жанында. Балаларға алаңдамаймыз, алысқа кетпейді. Рахмет әкімдікке».

Аумағы 12х24 спорт алаңына кешке жасөспірімдер футбол ойнаса, ересектер осындағы тренажерларда спорт жаттығуларын орындауға мүмкіндік алды. Мұндай ойын және спорт алаңдары шалғайдағы Арғымақ, Ақжар, Самал 1 шағынаудандарында салынып жатыр. Аудан әкімдігі «мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойын алаңшасы жақында бой көтереді. Ол мақсатта бюджеттен 32 млн. теңге бөлінді»,- дейді.

Шынар Оразова