Доңыз иісіне тұншыққан тұрғындар әкімге шағымданды

204

«Доңыз иісіне тұншығып отырмыз». Осылай деген «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабының тұрғындары Абай ауданы әкімдігіне шағымдана келіпті. Тұрғындар елдімекенде орналасқан «Ақ сұңқар» шаруа қожалығын жауып тастауды талап етіп отыр. Айтуларынша шаруа қожалықтан шығатын жағымсыз иіс олардың еркін тыныстауына мүмкіндік бермей отыр. Қос тарапты тыңдап, жауапты мамандардың басын қосқан жиынға біздің түсірілім тобы да қатысқан болатын.

«Күн ысығалы мазамыз қашты» деген «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабы тұрғындарының жанайқайы Абай ауданы әкімінің құлағына жетті. Сондықтан болса керек, бүгін Бұқарбай Парманов елдімекеннің тұрғындарымен бетпе-бет кездесуді жөн көрді.

Елді мекен тұрғындарының қаншама жылдан бергі мәселесі бұл — тұрғын алапта орналасқан «Ақ сұңқар» шаруа қожалығы екен. Дәлірегі мал өсіріп-бағатын фермадан шығатын қолқаны қабатын жағымсыз иіс.

Малика Төлегенова, тұрғын: «Мұнда тек шошқа емес, жылқы, сиыр, қой да бар. Ферманың ауласы осындағы 9 көшемен қаптарлас. Мен 4-ші көшеде тұрамын. Сонда да демалу мүмкін емес. Әсіресе, түнде не істейтінін қайдам әйтеуір иіс күшейеді. Ауыл маңында өзен бар. Олар барлық қалдықты түнде соған ағызатын сияқты».

Алайда, 2007 жылдан бері мал бағумен айналысатын аталмыш шаруа қожалықтың өкілдері мұнда айтылған халықтың уәжіне қосылмайды. «Жұмысымызда да, қожалықта да барлығы санитарлық талапқа сай» дегеннен таңбады.

«Ферма ауданы 3 мың шаршы метр. Мұнда 900 мал басы бар. Бізде барлығы талапқа сай. Осы уақытқа дейін бірде бір тұрғын шағымданбаған. Бұл кісілердің құжаттары дұрыс емес. Сондықтан да үйлерін сата алмай отыр. Сөйтіп, бізге күйе жағып әкімдіктің араласуымен көшіп кетпек» дейді шаруа қожалығындағылар.

Қос тараптың уәжін мұқият тыңдаған аудан әкімі ауыл шаруашылық басқармасының ветеринария бөліміне, Қоғамдық денсаулық сақтау және экологиялық орталықтарға «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабындағы ахуалды жіті тексеруге тапсырма берді.

Айжан Ермекқызы