Түркістан қаласында «AMANAT» партиясының бастамасымен «TURǴYNDAR AMANATY» жобасы аясында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты семинар-форум өтті. Іс-шарада тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаңғырту, жаңа заң талаптарын түсіндіру және өзекті мәселелерді талқыланды. Форумға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, «AMANAT» партиясының өкілдері, Мәжіліс депутаттары, жергілікті атқарушы органдар мен сала мамандары қатысты.
Түркістанда «TURǴYNDAR AMANATY» жобасы қолға алынбақ. ҚР Президенті Қасым Жомарт-Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап тұрғын үйді басқарудың жаңа жүйесі енгізілді. Енді көпқабатты үй тұрғындары басқару түрін өздері таңдай алады. Атап айтқанда, мүлік иелері бірлестігін құру немесе тұрғындардың тікелей бірлесіп басқаруы қарастырылған. Жиында облыстағы 1877 көппәтерлі тұрғын үйдің жағдайы, басқару модельдері және коммуналдық қызмет сапасын арттыру мәселелері сөз болды.
Жиынға қатысуышылардың айтуынша, «TURǴYNDAR AMANATY» жобасы тұрғын үйлерді тиімді басқаруға, инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ тариф, абаттандыру, қауіпсіздік, лифт, жарықтандыру сынды мәселелерді жүйелі шешуге мүмкіндік береді екен.
Бұдан бөлек, жиында өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық саладағы негізгі түйткілдер көтерілді. Атап айтқанда, сервистік қызмет тарифтері, салықтық жеңілдіктер, басқарушы компаниялардың жауапкершілігі, тұрғындардың төлем тәртібі және жаңа тұрғын үйлердің сапасына қатысты ұсыныстар айтылды.
Семинар ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар тәжірибе алмасып, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Нәтижесінде тұрғын үйді басқару жүйесін жетілдіру, қаржылық ашықтықты арттыру және тұрғындардың белсенділігін күшейту бағытында бірқатар бастамалар белгіленді. Айта кетейік, өңірде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері өзекті күйінде қалып отыр. Тек 2025 жылы түскен өтініштердің 40 пайыздан астамы осы салаға қатысты болса, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 43 пайыздан асқан.
Нұргүл Жолымбетова






