Шымкентте Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында қаладағы бірқатар маңызды салалардың жұмысы талқыға түсті. Кеңесте алғашқылардың бірі болып Әл-Фараби ауданының әкімі атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Атап айтқанда, жолдардың сапасы, жаяу жүргіншілер жолдарын салу және жөндеу бойынша сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды.
Аудан әкімінің мәліметінше, Әл-Фараби ауданының құрамына 17 шағын аудан мен 1 елді мекен кіреді. Бүгінде ауданда 931 көпқабатты тұрғын үй мен 16 663 жеке тұрғын үй орналасқан. Халық саны 262 526 адамды құрайды. Сондай-ақ аудан аумағында 390 көше мен 257 әлеуметтік нысан бар. Есепті кезеңде аудан тұрғындарын инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелермен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілген. Нәтижесінде халықтың ауыз сумен, электр жарығымен және табиғи газбен қамтылу деңгейі 100 пайызға жеткен. Десе де, аяқжолдарға сонымен қатар, автомобиль жолдарына қатысты кеңес мүшелері сұрақ қойды.
ИСМАИЛБЕК ШАЛАБАЕВ, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕСІ: «17 мкр сіздерге қарайды ғой. Сол жерде аллея бар. Сол жерге айналып өтетін жол бар. Бір қатар бойына машина қойып қояды. Бірі-біріне қарсы келе жатады. Сосын сен тұр, мен тұр деп айқайласып, жатады. Әсіресе қыз балдарына түсіндіре алмайсың».
МАРАТБЕК МЫҚТЫБЕКОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: «Оны қойып жатқан сол жердің тұрғындары, біз қарастырып көрейік. Өздеріне өтініш. Біз полицияға ұсыныс берейік».
Аудан әкімінің жауабы Қоғамдық кеңестің мүшесі Өмір Шыныбекұлына ұнамаған сыңайлы. Бірден сұраққа толық жауап бере алмағанын алға тартып, әкімді сынның астына алды.
ӨМІР ШЫНЫБЕКҰЛЫ, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕСІ: «Мына кісінің сұрағына жауап бере алмай отырсыздар. Мііндетіңіз. Басқа жер жоқ қой деп, басқа нәрсе айтқыңыз келіп отыр. Құрметті төраға бұл бұл ауданға ғана емес, барлығына қатысты. Тротуармен шал кемпірлер, бала-шаға жүреді. Сіз секілділер жүрмейді. Машинамен жүреді. Автомобиль жолдарын керемет қылып жатсыздар. Кейбір жерлермен жүру мүмкін емес. Заңды оқып үйреніңіздер».
«Заң күшіне енген соң, жұмыс істейтін боламыз. Ақсақал мен паркинг болған соң айтып жатырмын».
Мұнан соң, тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Көпжан Төлебаев тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Ол мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту, жаңа тұрғын үйлердің құрылысы және алдағы кезеңге жоспарланған жобалар жөнінде ақпарат берді.
Нүргүл Жолымбетова






