Геморройды жасыру – ұят

1474

Күнделікті қою ас-ауқат ішесіз бе? Салдарынан ішіңіз қатып, үлкен дәретке барудан қиналып жүрсіз бе? Ендеше уақыт оздырмай дәрігерге қаралып, кеңескеніңіз жөн. Себебі, мұның соңы көтеуге, былайша айтқанда геморройға әкеп соқтыруы әбден мүмкін.

КӨРЕ АЛМАЙСЫҢ, КӨРСЕТЕ АЛМАЙСЫҢ!

«Не өзің көре алмайсың, не басқаға көрсете алмайсың». Геморройы бар кісілердің айтары осы. Оларды да түсінуге болады. Қиыны сол, көтеуі барлар мұнысын айта бермейді. Дәрігерге де көрінуге қысылады.
Кейіпкеріміз Марат Ізбасханов (аты-жөні өзгертілді-ред) таңнан кешке дейін қоғамдық көлік жүргізіп, бір орында тапжылмай отырғаны себепті де осы дертке шалдыққанын айтады.


– Он шақты жыл бұрын алыс жолға шығатын жүк көлігін жүргіздім. Күні-түні рулдемін. Ал қазір автобус айдаймын. Мұнда тапжылмай отырамын. Сөйтіп жүріп геморрой шықты. Басында дәрігерге қаралуға ұялып жүрдім. Сосын дертім жаныма батып кетті. Дәлірегі, көп отыра алмайтын күйге түстім. Үлкен дәретке шығуым қиындады. Әжетханадан сағаттап шықпайтын болдым. Басында үлкен дәреттен кейін ауырсынуды сезсем, кейін қан көрініп жүрді. Дәрігерге қаралғанымда ота жасату керегін айтты,- дейді аты-жөнін жасырған кейіпкеріміз.
Ал 25 жастағы Әйгерімнің оқиғасы тіпті бөлек. Оның күнделікті жүрісі көп. Ары-бері шапқылайды да жүреді. Бірақ, бәрібір осы аурудың құрығына түскен. Айтуынша, оның геморройы әлі шықпаған. Қазірше артқы өтіс тесігінің жан-жағы қатты күшенген соң жарылып кетіпті. Бойжеткен мұның себебін дұрыс тамақтанбағанынан деп есептейді.
– Фастфуд тағамдарын көп жеймін. Сұйық тағамнан гөрі қою тағамға басымдылық беремін. Сондықтан да болар ішім жиі қатады. Үлкен дәретке аптасына 1 рет шығамын. Онда да, өз еркіммен емес. Өзімді қинап. Сөйтіп, жүріп «жарық» пайда болыпты. Дәрігерлер бұл аурудың алғашқы сатысы екенін, оны емдеуге болатынын айтты,- деді Әйгерім.
Көтеуден қиналып жүргендердің қатарында 35 жастағы Динара да бар. Оның айтуынша, босану кезінде дұрыс күшенбеген. Сөйтіп, көтеу пайда болған.

Көтеу жас таңдамайды

Кейіпкерлеріміздің жағдайы дәрігерлер үшін таңсық емес. Қаладағы флебология және лазерлі медицина орталығының жоғары санатты дәрігері, хирург-проктолог Әлия Илимованың айтуынша, көтеу – ағзадағы зат алмасу процесінің бұзылуынан тік ішектің төменгі бөлігінде қан тамырлары кеңейіп, пайда болатын түйін. Ал қан тамырларының кеңеюіне:
– дұрыс тамақтанбау;
– іш қату;
– ұзақ отыру;
– ауыр зат көтеру;
– күшену;
– аш ішек пен тоқ ішек аурулары себеп болады.

Маманның сөзіне сенсек, проктологтардың қабылдауына келетін науқастардың 40 пайызынан геморрой анықталады. Бұл дерттің жыныс пен жас талғамайтынын ескерсек, пациенттердің қаратында әйелдер де, ер азаматтар да, балалар да бар.
Дегенмен, дәрігер кейбір қаралушыларда ісініп сыртқа шыққан тоқ ішекті де геморроймен шатастыратынын айтады. Сөйтіп, күшке салып, оны қайта ішке кіргізуге тырысады. Тіпті түрлі майшамдармен емдейді.

ТҮРЛЕРІ МЕН ДЕҢГЕЙІ

Көтеу орналасу орнына қарай: ішкі және сыртқы болып бөлінеді.
Ішкі геморройда түйіндер тоқ ішектің ішінде пайда болады. Оны көру мүмкін емес. Ал сыртқы көтеуде түйін анус тесігінің (үлкен дәреттің шығу жолы) маңына орналасады. Оны көзбен көріп, тіпті қолмен ұстауға да болады. Ал даму механизіміне қарай
– тұқым қуалайтын;
– жүре пайда болатын деп екіге бөлінеді.

– Жалпы, көтеу жіті және созылмалы болып келеді. Олардың өзі ішінара асқынған және асқынбаған деп қарастырылады. Асқыну үдерісінің ауырлығына байланысты геморрой 4 сатыға бөлінеді,- дейді хирург-проктолог Әлия Илимова.
1-саты. Мұнда тоқ ішектегі ұйыған қан ісінеді. Артқы өтіс аймағында жайсыздық сезіледі. Қышыну пайда болады. Қан көрінеді.
2-саты. Мұнда бірінші деңгейдегі белгілер байқалады. Бірақ одан бөлек қатты күшенгенде немесе ауыр салмақ көтерген кезінде геморрой түйіндер ауық-ауық көрінеді.
3-саты. Көтеудің бас көтерген сатысы.
4-саты. Бұл көтеудің әбден күшіне мінген деңгейі.

Алдын алудың амалы

Дәрігер Әлия Қарсыбаева «ауруды емдегенше, алдын алған жөн» қағидасын ұстанады. Айтуынша, қандай дерт болмасын алғашқы сатысында анықталып, емделсе жазылып кетуге мүмкіндік бар.
– Көтеуде де дәл сондай. Егер 1,2 сатысында анықталып емдесе, отаға жүгінбей-ақ мәселені түбегейлі шешуге болады. Аурудың асқынуының 1 сатысында геморрой көрінбейді. 2 сатысында көтеу кей кезде көрінгенімен, кейде қайта жоқ болады. Міне, қан тамырларының ісігі ұлғаймаған осы сатыларда ем қолдансақ, геморрой қайта пайда болмас еді. Бірақ, бізге жүгінген пациенттердің көбі қабыну үдерісін асқындырып келеді. Мәселен, 3-сатыда геморрой сыртқа шығып, жайсыздық сезілгенде адамдар оны саусақпен өздігінше қайта кіргізіп қояды. Бірақ, уақыт өте артқы өтіс аймағындағы қан тамырларының жұмысы бұзылып, бұлшықеттердің қызметі бәсеңдейді. Сөйтіп, сыртқа шыққан геморрой қайта ішке кірмейді. Ақыр түбінде, мұндай науқастарға дәстүрлі немесе лазерлі ота жасаймыз,-дейді Әлия Илимова.

Өз бетінше емделуге болмайды!

«Ауруын жасырған өледі» демекші, науқастар геморройға үстіртін қарайды немесе ұялғандықтан дертін асқындырып алады екен.
Әлия Қарсыбайқызының айтуын-ша, көбі ем-домды өздігінше жасайды. Мәселен, жоғарыда мысалға келтірілген кейіпкерлеріміз Маратта геморройдың 4-ші сатысы, Әйгерімде 2-ші, Динарада 3-ші сатысы.
– Геморрой бір күнде шықпайды. Көп жағдайда адам өзінде бұл аурудың дамып келе жатқанын білмейді де. Ұзақ уақыт бойына (бірнеше ай немесе жыл) тек артқы өтіс аймағында жайсыздық пен қышынуды сезіп жүреді. Бірақ бұған ерекше мән бермейді. Тіпті, кейбіреулер түйіндер сыртқа шыға бастағанда да мән бермей, дәрігерге қаралмай жүре береді. Не мойындағысы келмейді. Қан кетіп, ауырсыну күшейгенде ғана дәрігердің есігін қағады. Алайда көп жағдайда науқастар бізге өте кеш келеді,- дейді маман.
Сондықтан да Әлия Илимова науқастарға жоғарыда айтылған белгілер байқалысымен дәрігерге қаралуға кеңес береді. Және өздігінен емделуге болмайтынын ескертеді. Себебі геморрой үстіртін қарайтын ауру емес. Оның алғашқы екі сатысын кешенді түрде дәрігердің кеңесімен емдеуге болады.

ОТА ЖАСАТУ КЕРЕК

Көтеудің 4-ші сатысы, яғни асқынған кезінен тек хирургиялық жолмен құтылуға болады. Яғни енді Марат пен Динараға ота үстеліне жатпасына лажы жоқ. Себебі, оларға дәрі-дәрмек те, диеталық режим де көмектеспейді.
– Біздің клиникада екі түрлі ота түрі жасалады. Біріншісі дәстүрлі, ине-жіппен. Екіншісі лазерлі. Яғни біздің клиника заманауи технологиялық тәсілдердің барлығын қолданып, «өсіндіні» лазерлік жолмен алып тастайды. Отаның бұл түрінде ауырсыну сезілмейді. Теспейді. Қан шығармайды. Бар жоғы 15-20 минутта қайта аяққа тұруге болады. Ол үшін еңбекке жарамсыздық парағы немесе ауырғандығы жөнінде анықтаманы дайындаудың да қажеті шамалы,- дейді жоғары санатты маман.
Сондай-ақ, алынып тасталған түйіннің қайта мазаңызды алмайтынын айтады. Егер дәрігер кеңесін орындамаса сол маңнан басқа өсіндінің шығуы әбден мүмкін екен.
Оның себебін былай түсіндірді.
– Көз алдыңызға сарымсақты елестетіңізші. Ол бөлек бөлек «тістерден» тұрады. Барлығы бірігіп, сарымсақты құрайды. Артқы өтіс аймағы да сол іспетті «тістерден» тұрады. Сол бір түйір тіс күшену кезінде немесе ауыр затты көтергенде шығып кетеді. Ол көтеу. Ота арқылы сол шығып кеткен «тісті» алып тас-таймыз. Алайда жан жағында басқа да «тістер» бар ғой. Егер адам өз денсаулығына немқұрайлы қарап, дұрыс тамақтану режимін сақтамаса, қалған тістердің тағы біреуі шығып кетпесіне кепіл жоқ. Ал алып тастаған геморрой қайта шықпайды,-дейді медицина ғылымдарының магистрі, қоғамдық денсаулық сақтау докторы Әлия Илимова.

ДӘРІ-ДӘРМЕКСІЗ ЕМДЕЛУ

– Бастапқы сатыларда көтеуді дәрі-дәрмексіз де емдеуге болады. Сол үшін салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтану қажет. Диетолог әр адамның өзінің ерекшеліктерін ескере отырып дұрыс тамақтану рационын ұсынады. Дене белсенділігін арттыратын жаттығуларды жасауға кеңес береді;
– Аурудың деңгейіне қарай дәрі-дәрмектермен емдеу курсы тағайындалады;
– Дағдылы дәрі дәрмекпен емдеу тиімсіз болған кезде шағын инвазивті хирургиялық әдістер қолданылады;
– 3-4-ші сатыда хирургиялық араласу қажет етіледі.
Көтеу кезінде мамандар аталған емдік шаралардың бірін негізге алады.
Және бұл ауруды қалай емдеу керек екенін тек проктолог шешеді.
Сондықтанда:
Үлкен дәреттен кейін қанды байқасаңыз;
Артқы өтіс аймағында түйін пайда болса;
Қышынуды сезсеңіз уақыт оздырмай, ұятты жиыстырып тастап проктологқа қаралыңыз.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ