Әкімшілік хаттамаға мұқият болу керек

203

«Хаттаманы дұрыс рәсімдеп істі сотқа жолдау» және «Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу». Бұл тақырыптар Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында өткен семинарда талқыланды.

Басқосуға Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы А.Бектұрғанов, судьялар, прокуратура қызметкерлері, Шымкент қалалық полиция департаментінің Абай, Еңбекші, Әл Фараби, Қаратау аудандық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің басқарма басшылары және жергілікті полиция қызметінің  жол-патрульдік полиция қызметкерлері қатысты.

Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі хаттамаларды түзу кезінде де,  істі сотқа жолдау барысында жол берілген кемшіліктер жан — жақты талқыланды. Дұрыс рәсімдеудің талаптары әңгіме өзегіне айналды. Сонымен қатар, құқық бұзушының мінез-құлқына қойылатын талаптарды қатаң сақтау ескертілді.

Шара соңында дөңгелек үстелге қатысушылар, аталған шара осы саладағы заңдылықты нығайтуға, әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғалардың құқықтарының сақталуына ықпал ететінін атап өтіп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыру барысында туындаған сұрақтарды талқыға салды.

Жанар Есенбекова