Оңбай алданғаным есімде…

341

«Сәуір айының соңына дейін ешкімге сенбе». Халық арасында осындай тіркес қалыптасып кеткен. Ерте көктемнің көрсеткен алай-дүлей мінезін түрлі қалжыңмен, әзілмен жуып-шаюды дұрыс көрген ел сәуірдің алғашқы күні-ақ дос-жаранды, көрші-қолаңды, ағайын-туысты алдап, күлкіге қарқ болады. Иә, 1 сәуір – күлкі күні. Бейресми мерекеде көбіне «Шашыңда өрмекші жүр», «Бүгін жұмыс болмайды», «Сенің жалақың көтерілді» деген сөздерге алданып жатамыз. Ал осы жолғы мақаламыздың түрлі жастағы, түрлі саладағы кейіпкерлерінің алдау оқиғалары жоғарыда келтірілген мысалдарға мүлдем ұқсамайды.

Нұрғали, телеоператор:
–1 сәуір күні Балқия есімді досым хабарласып, «Бүгін құрбым Әселдің туған күні, осы күн оның есінен кетпестей етіп алдайық. Бірақ ол үшін жігіттердің көмегі керек, көмектесші» деп өтініш жасады. Келістім. Сонымен, ол қыздар туған күнді тойлап, кафеден шықты. Балқия Әселді таксиге отырғызып, үйіне шығарып салды. Біз бір топ жігіт көлікте үйінің ауласында күтіп отырдық. Бір кезде Әсел таксиден түсіп, үйіне қарай беттеген кезде барлығымыз бірден көліктен атып шықтық. Қолымызда муляж пистолеттер бар. Кейбірінің бетінде маска. Қызды қорқыттық, қолын байладық. Жоспар бойынша қызды көліктің багажына салуымыз керек. Бірақ онда емес, көліктің артқы орындығына отырғызып, бетіне қап-қара пакет кигізіп қойдық. Анау қыз деген бар білетін боқтық сөздерін айтты, жылады, шыңғырды. «Мен сотта хатшымын, барлығыңды сотқа берем» деп бізді қорқытты. Осылайша қаланы тұп-тура екі сағат араладық. Таң атуға жақын. Сөйттік те, келісілген жерге қызды алып бардық. Ішке кіріп, қыздың қолын қайыстырып ұстап тұрдық. Беті жабық. Айналасына ақырындап қыздың достары жиналды, Балқияның қолында торт. Қолы қайысып, еңкейіңкіреп тұрған құрбысының жанына жақындады. Мен қыздың бетінен пакетті алып қалған кезде, Балқия тортты құрбысының бетінше былш еткізді. Қыздың көзі «банкі». Туған күні иесі басында ашуланды, әрине. Кейін бәрімен бірге күліп, айтқан сөздерін, жасағандарын айтып өзі де күлкіге қарқ болды. Қазір ол қызбен де жақсы араласамыз.
Арман, той ұйымдастырушысы:
–Наурыздың 26-сы күні әнші досыма хабарластым. Оны ел жақсы көріп тыңдайды, танымал. Хабарласып, «1 сәуір күні Шымкентте, осындай уақытта, осы тойханада туысқанымның тойы еді, келіп, бірнеше ән айтып берші» деп өтініш жасадым. Әрине, ешқандай той жоқ еді ол күні. Сөйтіп, бұл әзілім есімнен шығып кетіпті. 1 сәуір күні сағат 22:00 шамасында жаңағы әнші досым хабарласып, «Арман, қайдасың, мен әндерімді шырқап жатырм, сен көрінбейсің» дейді. Ой, сол кезде күлкіден «жарылдым», күлкімді тия алмай біраз тұрдым. Сөйтсем, жаңағы әнші 1 сәуір күні Шымкентке ұшып келген, мен айтқан тойханаға барған, бір той болып жатқан ғой, кіріп, тамадаға «той иелері шақырды деп» бірнеше әнін айтқан. Халық мәз. Сөйтіп, оған 1 сәуір күні әзілдегенімді айтып түсіндірдім. Ол алданғанын мойындады. Бірақ енді тойға шақыратын кезімде «Алдап тұрған жоқсың ба?» деп сұрап алады.

Азиз, көлік жүргізушісі:
–1 сәуірге қараған түн еді, сағат таңғы 5-тер шамасы. Бастығым хабарласып, «Тез көлігіңе мін, жолға шық, шұғыл жағдай, көмегің керек, қайда баратыныңды тағы хабарласып айтамын» деп тұтқаны қоя салды. Апыл-құпыл киініп далаға шықсам, жаңбыр құйып тұр. Көлігімді қыздырып, жолға шықтым. «Қайда баратынмды сұрайын» деп хабарлассам, қаланың бір шетін айтты, бардым. Барсам, ешкім жоқ. Тағы хабарластым, «Мен ол жерден кетіп қалдым, мына жерге кел» деп басқа бір жерге шақырды. Зуылдап жетіп бардым, ойыма сан түрлі нәрселер кіріп шығып жатыр. Онда да жоқ, тағы хабарлассам үшінші жерді айтты. Сөйтіп жүргенде таңғы сағат 9 болып қалыпты. Өзі хабарласып, «Офиске келдім, сол жерде күтем» деп тағы тұтқаны қоя салды. Жұмысқа келсем бастығым ештеңе болмағандай отыр, мен тұрмын шашым ұйпа-тұйпа, көзім іскен. «Басеке, не болды?» десем, «Ештеңе болмады, 1 сәуір ғой» деді де тоқтамай күлді, басында түсінбей тұрдым да, кейін мен де қосылып күліп алдым.

Мадина, журналист:
– Студент кезімде көктем мезгілі басталғаннан жиі ауыратынмын. Наурыздың соңғы күндері еді. Бүйрегім қатты ауырып, жекеменшік клиникаға барып, анализ тапсырдым. «Өзіміз хабарласып, шақырамыз» деді ондағылар. Жатақханаға келіп, қыздарға айтып бердім. Сөйтіп, 1 сәуір күні таңертең ауылдағы туыстарыма бару үшін автобусқа отырсам, телефоныма хабарлама келді. Орысша мәтін. Мен барған медициналық мекеменің атауы, менің дәрігерімнің аты жөні жазылған. Соңында «Сіз осы күні бізге анализ тапсырып едіңіз, еш қорықпасаңыз болады, бүйрегіңізде сырқат жоқ. Бірақ қуанышты жаңалығымыз бар, сіздің аяғыңыз ауыр» деп жазулы. Түсінбей қалдым. «Шатасып жіберді» дейін десем, бәрі шындыққа жанасып тұр. Сонымен автобустан түскенше «тұрмыс құрмаған менің, ол былай тұрсын, әлі жігітпен жүрген жоқпын, қалайша аяғым ауыр болады?» деп ойланып қара тер болдым. Автобустан шыға салып, жаңағы нөмірге хабарластым. Бір апай дәл жаңағы смстегі мәтінді айтып тұр, «Келіп, анализдеріңізді алып кетсеңіз болады» деп қояды. Сондай уайыммен туысқандарымның үйіне келдім, кішкентай балалармен ойнап, әжемнің тәтті тағамын жеп жүргенімде кеш болды. Жаңағы нөмір хабарласып жатыр екен, «ойбай» деп алсам, жатақханада бірге тұратын құрбыларым «Алдандың, сюрприз» деп дауыстап күліп айтқанда барып «Уһ»деп өзіме келдім. Бәрінін әзіл болғанына қуанып, оларға ашулануды да ұмытып кеттім ғой.

Гүлмира Садықова, журналист:
– 3-курста Түркістанда оқимын.Осы қалада Айжан есімді құрбымыз екеуіміздің прокуратурада жұмыс істейтін Асылбек атты жақсы танысымызды «Айжанды көлік қағып кетті» деп алдағымыз келді. Мен рөлге кіріп, жаңағы досымызға хабарластым. «Айжанды жатақханаға кіреберісте бір көлік қағып кетті, кімге хабарласатынымды білмей тұрмын» деп өкісігімді баса алмай тұрған сияқты болып жыладым. Ол құқыққорғау саласының қызметкері болған соң бірден сұрақтар қоя бастады. «Жедел жәрдем шақырдың ба, көліктің маркасы, түсі, нөмірі қандай?» деп. Мен сасқанымнан «білмеймін» дедім де тұтқаны қоя салдым. Айжан екеуіміз мәзбіз. Жатақханада жатсақ, 5 минуттан кейін Асылбек хабарласып жатыр: «Ей, Гүлмира, мына жерде ештеңе жоқ қой, қайдасыңдар?» деп айқайлады. Мен шыдай алмай күліп жібердім. «1 сәуірде ешкімге сенбе» деп, мазақтадым. Сөйтсем, ол жедел топ полицейлерін басқа да жауаптыларды жинап, біз айтқан орынға келген екен. Сол кезге дейін Асылбекті талай рет алдауға тырысқанбыз, алданбайтын, осы жолы өзінің оңбай алданғанын мойындады»

Александр, фотограф:
«1 сәуір күні жүріп жүрген қызыма хабарласып, «Болды, бұдан былай тек дос болып қалайық» дедім. Ол жылап, себебін сұрап жатыр, «саған сезімім суып кетті» деп тұтқаны қойдым. Ол қайта хабарласпады. Кешке қарай хабарласып, әзілдегенімді түсіндіремін деп ойладым. Бір-екі сағат өтті, достарыммен кездестім, кешке клубқа барып көңіл көтердік. Жалғыз болғаным жаныма жағып кетті ме, әйтеуір, «бұрынғы» қызыма қайта хабрласпадым. Сол бойы екіге кеттік. Негізі айрылысып кетемін деп ойламадым, бірақ оған еш өкінген жоқпын. Ол қызды шын сүймегенімді түсіндім.

Жәния Әлімжан, тілші:
– Жоғары оқуды аяқтаған соң группалас-тарымыздың басын бір жерге жия алмай кеттік. Сөйтіп, досым Мақсатпен оларды алдап шақырамыз деп шештік. 31 наурыз күні тойға шақырту қағаздарын сатып алып, ішіне «1 сәуір күні мынадай уақытта, мынадай жерге Мақсат пен Жәнияның тойына шақырамыз» деп жаздыртып, группаластарымызға жолдадық. Кейбіріне қағазды фотоға түсіріп жібердік. Олардың барлығы аң-таң болып, қайта-қайта жазып, хабарласты. Бірақ шыдамымыз кешке дейін ғана жетті, жоспар бойынша 1 сәуір күні олардың барлығы біздің «тойға» жиналғанда айтуымыз керек еді. Қарасақ, көбі қызу дайындыққа кірісіп, шығындалып жатқанын көріп, мойындауға мәжбүр болдық. Десе де, сонша жұмысымз текке кетпеді. Ертеңіне барлығымыз жиналып, өткен күндерді еске алдық.

ТҮЙІН: «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» демекші, бұл күні үлкен-кіші, жас-кәріні бір алдап қоюды ұмытпаңыз. Бірақ 1 сәуір – алдау емес, күлкі күні екенін де біле жүріңіз. Өтірік айтпай-ақ қағытпа қалжың, әжуа әзіл, сый-сияпатпен де өзгеге күлкі сыйлай аласыз. Ендеше, жүзімізден қуаныш кетпесін, езуімізден күлкі кетпесін.

 

Әлия ӘДІЛБЕК

«Оңтүстік Рабат» газеті, №14, 3 сәуір 2019 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті