7-ші сынып оқушысын мектепте шаян шағып алды. Бұл оқиға мамыр айының 14-і күні болған. Сабаққа келген бала осыдан кейін ауруханаға жеткізілген. Мектепте улы жәндіктің бары қалай?
Оқиға Шымкенттегі №36 орта мектепте болған. Дене шынықтыру пәніне дайындық кезінде киім ауыстырып жатқан 7-сынып оқушысының мазасы кете бастаған.
Сыныптастары «Киімін ауыстырып жатқанда ол бір нәрсе шағып алды деді. Сөйтіп аяқ киімін лақтырып жіберді. Кросовкасынан шаян шықты” дейді.
Мұғалімдер мектепке жедел-жәрдем шақыртқан. Ақ халаттылар жәндіктен зардап шеккен жасөспірімді токсикологиялық орталыққа жеткізеді. Мектеп медбикесінің сөзінше мұндай жаңдай білім ошағында алғаш рет болып отыр.
Меруерт Құдайбергенова, мектеп медбиекесі: “Ауруханаға алып кетті. Ол жерде балаға бір сағаттай дәрі құйған. Ертесіне ол сабаққа келді. Ешқандай асқынулар болмаған. Ата-анасы шағым білдірген жоқ. Мен осы мектепте 5 жылдан бері жұмыс істеп келемін, мұндай оқиға бұдан алдын тіркелмеген”.
Мектептегі болған жағдайдан кейін анықтау жұмыстары жүргізілген. Улы жәндік оқушының үйінен келген деген қорытынды жасалыпты. Онымен баланың анасы да келісіп отыр.
Сәуле Мамытбаева, №36 мектеп директоры: “Жедел-жәрдемге салып жатқанда басқа ата-аналар бейнеге түсіріп жатты. Түсінбеушілік болып жатқан шығар. Ол шаян мектепте болмаған, үйден келген”.
Әр алты ай сайын мектепте дезинфекциялау жұмыстары жүргізіледі. 1236 балаға білім беріп отырған мектептің директоры білім ұясының аумағында қауіпті жәндік жоқ деп сендірді.
Ернар Балабеков