Шымкент-Сайрам-Қарамұрт автожолы уақытша жабылды

294

Облыстық маңызы бар Шымкент-Сайрам-Қарамұрт автожолында күрделі жөндеу жұмыстары басталғалы Сайрам тұрғын алабы тұрғындарының тынышын алып тұр. Күні кеше мұндағы темір жол өткелі де уақытша жабылып, жөнделіп жатыр. Тұрғындар қалаға қатынау үшін қалтасынан қағылуға мәжбүр.

Жолмен жағаласып темір жол өткелі де жөндеуден өткізіліп жатыр. Бұған «жолға екі шығындалатын болдық деген» жолаушылар наразы. Осы бағытта қатынайтын қоғамдық көлікке «Бакалейторг» аялдамасына дейін жолақысына 70 теңге төлеген жұрт ары қарай Сайрамға дейін тағы да 70 теңге төлеуге мәжбүр.

Мархамат Умарова, Сайрам тұрғын алабыныңы тұрғыны: «Менің екі немерем мектепте оқиды. Жетектеп екі жаққа өтеміз. Сабаққа кешігіп жатырмыз. Бізге ешкім ескерту жасаған жоқ. Бала — шағамен әбіржіп кеттік. Екі жаққа 140 теңге төлеп, қалтамызды қағып жатыр».

Шымкент-Сайрам-Қарамұрт автожолының күрделі жөндеу жұмыстары былтыр басталған. Биыл қараша айында аяқталуы тиіс. Брақ жүргізушілер үшін тақтайдай түзу жолда жүйіткудің ауылы алыс болып тұр. Қараша айына дейін қарашаға да қиын болатын түрі бар.

Шерзат Сүттібаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы: «Облыстық маңызы бар жолдың жалпы ұзындығы 19,5 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда «Бакалейторг» маңындағы айналма жолды жаптық. Өйткені «Қазақстан темір жолы» ҰК рельсті жолдағы өткелде жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Олар бірінші болып жолды жапты. Соған сәйкес уақытша біз де жолды жабуымызға тура келді. Ол жол 19 мамырда ашылады».

Мердігер мекеме арнайы ескертпе тақтайша ілуді де ұмытпапты. Алайда бұл ескерту жолаушылардың жанына жұбаныш болмай тұр.

Нұралы Сабыров, «Отау строй» ЖШС-нің учаске басшысы: «Қазіргі таңда асфальт қаптамалары бойынша жұмыс істелініп жатыр. Жолдың 80 пайызы дайын. Жолаушыларға ыңғайсыздық тудырмас үшін екі жағына да ескертпе ілінген».

19 мамырға дейін жолаушылар шаң қауып, темір жол өткелін айналып өте тұруына тура келіп тұр. Ал Сайрамға сапар шеккен жүргізушілер қаланың екінші шетіндегі айналма жолмен қатынаудан басқа жол жоқ.

Гүлжан Көшерова