Снаряд сақтап, сотты болды

180

Осыдан екі ай бұрын Шымкенттің екі тұрғыны бүкіл пагондыларды аяғынан тік тұрғызған еді. Темір өткіземіз деп басы дауға қалғаны есімізде. Олар ескірген артиллериялық снарядты бөлшектеп, қара темірге өткізіп, оңай олжаға кеңелгісі келген. Аяғы жарылыс болып, тергеумен жалғасты. Ал, бүгін міне сотты болып шыға келді.

Естеріңізге сала кетейік, ақпан айының 11-де жеке тұрғын үйлердің бірінде жарылыс болып, салдарынан екі адам зардап шекті. Дәрігерлер 1984 жылы туған ер адамның сол қолы мен аяғын кесуге мәжбүр болды. 1998 жылы туған екінші зардап шегушінің сол аяғы сынып, басқа да жарақат алған болатын.

11-ші ақпандағы жарылыстаң соң қаланың күштік құрылым атаулының қызметкері санаулы уақытта 195-ші орамды орап алды. Жәбірленушілердің туыстарының айтуы бойынша, оқ-дәрі сол күні түнде Арыс қаласынан металл сынықтары ретінде жеткізілген. Нағашысы снарядты кескіш құралымен бөлшектемек болғанын туысы айтып берген еді.

Азанда тұрсам нағашым бір нәрсе кесіп жатты. Мен білмеймін, не екенін. Жарылған соң көзімді ашсам, бүктеліп жатырмын. Қазір менен де сұрап жатыр снаряд қайдан келді деп. Мен ешқандай снарядқа қатысым жоқ» дейді туысы.

Полицейлер күдіктенгендей оқиға орнынан тағы да осындай оқ-дәрілер табылып, тәркіленіп алынды. Болған шулы жағдай бойынша ҚР ҚК -нің 287-бабы яғни, «жарылғыш заттарды сақтау» бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданады. Бұл баптың санкциясында 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да көзделген. Бірақ, төрағалық етуші судья ауырлататын және жеңілдететін мән жәйлерді ескеріп, жазаның жеңіл түрін тағайындады.

Сот сотталушының ісін қарап, оған 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы қолданылды.

Жарылыс болған үйде жас отбасы үш перзентімен бірге тұратын. Балаларды «періштесі қақты» деп осындайда айтылса керек. Жарылыс болған күні анасы жұмысқа, екі бүлдіршін балабақшаға, үлкен ұлы мектепке кеткен.

Ернар Балабеков