Түркістанда көші-қон мәселесі бойынша ХҚКО ашылды

664

Түркістанда миграциялық халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Жаңа мекеме «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ҚР ІІМ-мен бірлесіп жұмысын бастап отыр.

Орталықтың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев және басқарма басшылары қатысып, нысанның жұмыс жүйесімен алғашқылардың бірі болып танысты.

Енді еңбек мигранттары мемлекеттік қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталықтарының стандартына сай, «бір терезе» қағидаты бойынша ала алады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасына уақытша келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар көші-қон қызметтері орталығының қызметіне жүгіне алады. Бұған дейін бұл жүктеме тек ҚР ІІМ көші-қон комитеті тарапынан көрсетілетін. Жаңадан қосылған қызметтен бөлек, мұнда шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат беретін құжатты алып, ҚР аумағына уақытша келетіндер жеке сәйкестендіру нөмірін рәсімдей алады.

Айта өтетін ақпарат, бұл – еліміздегі көші-қон қызметтерін көрсететін он бесінші орталық. Және Түркістан облысында биылғы жылдың басынан бері миграция бағыты бойынша 36 728 қызмет көрсетілген.

Мөлдір Бекеева