Табиғатты таптаған

301

Көктемде табиғат аясында серуен құратындар көбейеді. Иә, табиғатта жан сая тауып, ми тынығатыны рас. Бірақ, осындай көңілді демалыстың соңы көбіне Жер-Анаға кесірін тигізумен де аяқталады. Бұған демалушылардан кейін үйіліп қалатын қоқыс пен тапталған көк шөп, сынған бұталар, жұлынған гүлдер дәлел. Табиғатқа жаның ашиды.

«Демалушылардың туризм мәдениеті төмен»

Ержігіт Жұмаділ бірнеше жылдан бері шымкенттіктерді және өзге де туристерді Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тартымды табиғатымен таныстырып, ішкі туризмді дамытуға үлес қосып жүрген гидтің бірі. 2018 жылы еліміз бойынша ең үздік гид атанды. Табиғат жанашыры күн жылысымен әсем жерлерге шығуға ниетті адамдар санының артқанына бір жағынан қуанса, енді бір жағынан мұңаяды.

Ержігіт Жұмаділ, гид:
– Көбі бізде тамаша жерлер барын білмей жатады, көрсетіп, таныстырамыз. Екінші жағынан, табиғатқа шығатындар тым көп болып кетсе, Жер-Анаға зияны тиетінінен қорқамын. Неге? Өйткені, көбінің туризм мәдениеті өте төмен. Біз сияқты топпен баратын туристерден қорықпаймын. Өйткені олардың басы-қасында өзіміз жүреміз, қадағалаймыз. Қайтатын кезде өзіміздің қоқыстан бөлек, жолда көріп қалған қоқыстардың барлығын болмаса да, шамамыз келгенше алып кетеміз. Ал өз бетімен баратындардың біразы «бетімен кеткен». Олар табиғатты тамашалап, ләззат алуға емес, құдды бір ішімдікке тойып, көңіл көтеруге баратын сияқты. Жо-жоқ, көңіл көтерсін, мейлі не ішіп-жесе де өз еркі, бірақ артынан тазалап кету керек қой. Өздерімен бірге алып шыққан заттарының 80 пайызын қоқыс қылып тастап кетеді. Көбіне целлофандар, пакеттер. Ал ерекше жануар – таутекелер оны жейді де, ішектеріне оралып, өледі. Пластикалық бөтелкелерден өрт шығу қаупі жоғары. Демалушылар жаяу келмейді, көліктері бар, демек өзінің қалдықтарын алып кетуге шамасы жетпейді емес, жетеді. Тек олар табиғаттың тылсым дүниесін көре алмайды, әйтпесе олай қорламас еді. Осындай олқылық жасайтындардың көбі орта жастағы, отбасылы адамдар. Олар балаларына қандай тәрбие беріп жатыр? Балалары ертең көргенін жасайды деп қорықпай ма?! Мұның шешімі туризмді, тазалықты барынша көп насихаттау.

«Бізде псевдопатриоттар көп»

Ержігіт осындай көріністерден-ақ тұрғындардың Отанға деген сүйіспеншілігі, құрметінің төмендігін аңғаруға болатынын, сөзбен ғана «Патриотпын» деп жар салатын псевдопатриоттардың көптігіне жаны ашитынын айтады. Әр азамат өз жерін айыппұл немесе заңнан қорыққаны үшін емес, шын жүрекпен жақсы көрсе, табиғатты қорламас еді. Сондай-ақ демалушылардың дені көп өсімдіктердің Қызыл кітапқа енгенін және оны жұлғанардың жазаға тартылатынын білмейді екен.
– Жақында бір топпен Бәйдібек ауданына бардық. Сол жерде бізден басқа да демалушыларды көзіміз шалды. Қарасам, бір қолында қозықұйрық, енді бір қолында грейг қызғалдақтарының бірнеше данасы бар. Заң бойынша бұл өсімдіктерді жұлуға болмайтынын түсіндірдім. Сондай ережені алғаш рет естіп тұрғанын айтты. Мейлі қызғалдақтар жайлы білмейді екен, қозықұйрықтың өзін тамырымен жұлып алатын болса, ол екінші рет өспейтінін білу керек емес пе? Пышақпен кесіп алу керек. Ал мен ешқайсысының қолында пышақ көрмедім. Ал, қызғалдақтарды кесіп алса да, екінші рет өспейді. Қызыл кітапқа да бекер енбеген. Сол үшін өсіп келе жатқан ұрпақ білуі үшін Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді, жан-жануарларды оқу бағдарламасына енгізсе, мұндай мәселелер тыйылар еді,-дейді Ержігіт Жұмаділ.

Табиғат аясында ескерер кеңестер

Туризм тарланы өз бетінше демалуға баратын азаматтарға қауіпсіздік ережесін сақтау керектігін де ескертті.
– Сайрамсу шатқалына баратындар өте көп, бірақ қауіпсіздікті сақтамайды. Біріншіден кезекте кез келген адам тауға демалысқа кетсе, үйіндегі туысқандарына баратынын және координаттарын айтып кету керек. Екіншіден, тауға таңертең немесе күндіз шыққан дұрыс, өйткені қараңғыда тауға шығу өміріңізге қауіп төндіреді, оның үстіне көбі қажетті құрал-жабдықтарды алып шықпайды. Қол шамның өзі болмайды, ал ұялы телефондардың қуаты бітеді. Үшіншіден, егер тауға шығатын кезде ауа-райының бұзылайын деп жатқанын байқасаңыздар, шықпау керек. Себебі тауда ауа-райы бұзылса, жауын жауа-ды. Ал жаңбырдан кейін жүретін жол тайғанақ болады. Төртіншіден, тау жақ әрқашан салқын, сол үшін жылы киіну керек. Ал жай ғана табиғатқа шығатындар да күн жылы болса да, жабық киінгені жөн, өйткені кейбір шөптердің эфир майлары денеңізге тигенде күйік шалып қалуы мүмкін. Ал, ең дұрысы, табиғатқа жол білетін гидтермен шыққан дұрыс.

Халық көп баратын мекендер

Ержігіт Жұмаділовтің сөзінше, 20 сәуірден кейін өңіріміздегі көптеген тауларға шығу маусымы басталады. Өйткені, қар көшкіні қауіп аяқталады. Яғни қауіпсіз кез. Адамдардың көп сұрайтын және баруға кеңес ететін бірнеше жерді де атап өтті. Олар: Сайрамсудың Жоғарғы және Төменгі көлдері, Аюлар шатқалы, Доңызтау, Сарыайғыр шатқалы, Қазығұрт ауданындағы Ақбура әулие, Ғайып ерен Қырық шілтен, Қазығұрт тауының батыс шыңы; Сайрам-Түркістан-Отырар қалаларындағы Ибраһим ата кесенесі, Қарашаш ана күмбезі, Көне Отырар, Арыстанбаб, Ахмет Яссауи мавзолейі, Шығыс моншасы, Укаша ата, Сауран көне қаласы, Бәйдібек ауданындағы Домалақ ана кесенесі, Ақмешіт үңгірі, Бәйдібек ата кесенесі.
Оңтүстіктің тағы бір керемет жері бар. Ол – Ақсу-Жабағылы қорығы. Атауының өзі айтып тұрғандай Ақсу және Жабағылы деген екі өзеннен құралған. 132 мың га жерді алып жатыр.
Айтбек Меңлібаев, Ақсу-Жабағылы қорығының басшысы:
– Келушілер алдын ала тапсырыс береді, оларды қорықтың ғимаратында қабылдап, туризмді жүргізтін экскурсоводты бекітіп, «апар» деген жеріне алып барамыз. Жаяу, көлікпен не жылқымен, өздері таңдайды. 10 туристік соқпақ бар, сол жерлерге жібереміз. Әр соқпақтың өз нормативі бар. Қорығымызда жан-жануарлар мен өсімдіктердің көбі «Қызыл кітапқа» енгізілген. Қазақстан бойынша қызғалдақтың 28 түрі болса, бізде соның 6 түрі өседі (грег, гауфман, т.б). Оларды жұлып таптамауын, өздерінің әрекеттерімен жан-жануарларды үркітіп алмауын күнделікті қадағалаймыз.

«Қызғалдақ жұлғандар 3 жылға сотталады»

Айтбек Меңлібаевтың айтуынша, әзірге Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді жұлып, таптағандар болмаған. Бірақ жасырын кіріп кетуге тырысқандар кездесіпті.
Қызыл кітапқа енген өсімдіктерге зақым келтіргендер сотқа тартылады және 3 мың АЕК айыппұл төлейді немесе 3 жылға бас бостандығынан айырылады. Тіпті зақым келтірген әр данасына 0,5 АЕК залал төлейді. Ал қорыққа тексеруден өтпей, кіріп кеткендер Әкімшілік-құқықбұзушылықтық кодекстің 380 бабымен 2АЕК айыппұл төлейді екен.

Шымкентте де қызғалдақ таптайды

Көктем келісімен, шымшаһарымызда қызғалдақтар жайқалып, қаламыз түрлі түске оранды. Ал қалалық әкімдік қызметкерлері бұл сұлулыққа сән бере түсуді жөн көріп, мегаполис тұрғындарына байқау жариялады. Шарты оңай – қаланың кез келген жеріндегі қызғалдақтармен фотоға түсіп, әкімдікке жолдау керек.
Иә, байқау басталғалы ұйымдастырушылардың әлеуметтік желісі қызғалдақтармен түскен фотоларға толды. Әркім қиялына ерік беріп, мейлінше өзгеше етіп түсіпті. Байқау үшін әсем гүлдерді таптап жатқандарды да көрдік.
Әрине, көптің осындай сұлулықтың қадіріне жетпейтіні өкінішті. Сол гүлдерді егіп, баптаған, күткен адамдардың еңбегіне обал. Одан қалса, әр екі метр сайын қоқыс жәшіктері орнатылса да, қоқысын көшеге лақтырып кететіндер де бар. Табиғатты қаншалықты аялап, құрмет көрсетсек, ол да соншалықты сұлулығын аша түседі. Айта берсек, қаламызда, облыстың әр аймағында таңырқай қарауға болатын мекендер өте көп. Тек, бағалау керек. Тазалықты сақтау кім үшін керек, сізге ме, әлде мемлекетке ме?
Ал, сіз қалай демаласыз?

Әлия Әділбек

Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті өкілді органдары белгілейтін жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бұзған жеке тұлғалар 15 АЕК, шағын кәсіпкерлерлік субъектілері немесе комерциялық емес ұйымдар 30 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілері 50 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК мөлшерінде айппұл төлейді.