Жеделсатыда қатыгездікпен адам өлтірген қылмыскер құрықталды

283

11 мамырда, сенбі күні сағат 17:00-де Тәуке хан даңғылы бойындағы көпқабатты үйлердің біріндегі жеделсатыда қатыгездікпен әйел азаматшаны өлтіріп кетті. Марқұм осы үйдегі 5 қабаттың тұрғыны болған.

Кешқұрым әйел үйіне қайтып келе жатқан. Сөмкесінде қомақты ақша мен алтын бұйымдары болуы мүмкін деп болжамдануда. Марқұм соңғы рет жеделсатыға мініп тұрғанын білмесе керек. Кісі өлтіруші жеделсатыға әйелмен бірге мінген. Қарақшы сөмкені тартып алмақ болғанда әйел қарсылық танытқан болуы керек. Соған ашуланған күдікті марқұмға бірнеше жерінен пышақ сұққан. Нәтижесінде соңғы сілтеген пышағы ажал құштырды.

Арам ойын жүзеге асырған кісі өлтіруші сөмкені алып, таксиге отырып, оқиға орнынан табанын жалтыратқан. Ізін жасырмақ болған күдікті 3 рет такси  ауыстырған. Сөмкедегі көздегеніне қол жеткізген ол айғақ заттардан тезірек құтылғысы келіп СМУ-4 ауданы аймағындағы қоқыс жәшігіне лақтырып кеткен. Сол жерде бейнекамераға түсіп қалған.

Күдіктіні ұялы телефон ұстап берді. Байланыс операторының сигналы бойынша марқұм әйелдің телефоны күдіктінің қай жерде екенін анықтап берген. Соның арқасында такси жүргізушісін және қатыгездікпен адам өлтірген қылмыскерді қолға түсірді. Қылмыскер  бұрын сотталған 48 жастағы азамат екендігі анықталды.