Қазақстан мәйіттік донорға мұқтаж

278

Ағзасын аманаттап кететіндер аз. Соның салдарынан мәйіттік донорлық мәселесінің түйіні тарқатылмай тұр. Елімізде жылына 80 адам донорлық ағзаның жеткіліксіздігінен көз жұмады. Сондықтан да отандық мамандар донорлықтың бұл түрін жедел дамытуымыз керек деп дабыл қағып отыр. Жуырда ғана денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың донор ретінде ағзасын беруге өсиет жазып кетуге дайынмын деуі бұл мәселенің күрмеуін керте ала ма?

Алға Асанов кезінде гемодиализ аппаратына арқандаулы болатын. Мәйіттік донордың арқасында аман қалғандардың бірі. 2009 жылдан бастап бүйрек жетіспеушілігінің зардабын шеккен науқас үмітін үзбей қаншама жылдар бойы кезек күткен. Тек 2015 жылы ғана мәйіттік донордың арқасында сауығып, саулығы түзелген.

Алға Асанов, қала тұрғыны: « Гемодиализ аппаратына тәуелді адам қоғамнан шектеліп қалады. Өте қиын. Мәйіттік донордың бір жақсысы адам қалыпты өмірге қайта оралады. Үкімет науқас адамдарға жеделдетіп көмек берсе екен».

Нефролог – дәрігер Вячеслав Ли ағзаға аса мұқтаж адамдардың жан қиналысын жақсы біледі. Күн сайын бүйрегім деп бебеу қағатындардың қаншасының дертіне демеу болуға барын салады. Сол себептен де Біртановтың бұл бастамасын қолдайтындығын ашық айтып отыр. Қайтыс болған жағдайда өзінің ағзасы өзгенің өмірін сақтап қалуға сеп болатынын білетін дәрігер ағзасын аманаттап кетуге дайынмын дейді.

Вячеслав Ли, №1 қалалық клиникалық ауруханасы нефрология бөлімінің меңгерушісі: «Мен өзім ағзаларымды донор ретінде беруге ресми түрде өтініш жазуды қолдар едім. Өйткені ағзаға мұқтаж адамдар көп. Соларға бір септігім тисе деймін. Жыл сайын бүйрек жетіспеушілігі бойынша науқастар көбейіп барады. Әсіресе еңбекке қабілетті жастағы 20-дан 40-қа дейінгі жастар арасында көп. Бүгінгі таңда бүйрек алмастыру мәселесі өткір тұр. Сондықтан да мәйіттік донорлықты дамыту қажет. Алайда көп жағдайда туыстары рұқсат етпейді…».

Шымкентте 500 адам гемодиализ аппаратына тәуелді. Қалада 8 гемодиализ орталығы бар. Науқастардың 60 пайызы бүйрек алмастыруды қажет етеді. Биыл №1 қалалық клиникалық ауруханада 4 трансплантологиялық ота жасалған. Олардың барлығы да туыстық донор бойынша. Ал 2018 жылы 18 ота жасалыпты. Жылына бүйрек алмастыру бойынша орта есеппен 20 ота жасалады.

Бейбіт Сейдахметов, дәрігер-нефролог: «Мен өзім де гемодиализ қабылдайтын науқастардың қатарындамын. 2013 жылдан бері. Одан бүйрек салдырдым. Алайда белгілі себептермен бүйрегім қалыпты жұмыс істемей, қайтадан гемодиализге тәуелді болып қалдым».

1 мәйіттік донор 8 адамның өмірін сақтап қалуға септігін тигізеді. Жүрегі мен өкпесі, бүйрегі, бауыры, көзі де қажетке жарайды. Дегенмен өз өлімінен кейін өзгеге өмір сыйлау принципін ұстанатындардың қарасы тым аз.

Гүлжан Көшерова