Қыршынынан қиылған сарбаздың отбасы шындықты білсек дейді

109

Қаңтар оқиғасы кезінде ұлынан айырылып қалған әке «бар шындықты білсем дейді.» Дәулет Жұпарбеков қанды қақтығыс кезінде қаза болған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара академиясының 2-ші курс студентінің туыстары перзенттерінің өліміне қатысты деректерді әлі күнге дейін білмейтін көрінеді.

«Ең бірінші арманы, қазір 5-ші сыныпта оқитын інісі бар, соны өзім тәрбиелеймін, өзім апарып әскери қылам деген. Әскери академияға түсірем деген. Кешіресіздер, қиын болып жатыр маған сөйлеу».

Ұлын есіне алып, көз жасына ерік берген Дәулет Жұпарбековтың әкесі шындықты білуді армандайды. Перзенті әскери қызметкер болуды бала кезінен армандап, үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан шағында денесінің үш жеріне оқ тиіп, қаза болған. Суыт хабарды жақындары 7-ші қаңтар күні естіген екен. Енді марқұмның ата-анасы 19 жастағы ұлының нақты қай күні, қандай жағдайда қаза болғанын білсек болғаны дейді.

Хатира Шаймұратова, марқұмның әжесі: «Әрқашан күлімсіреп жүретін еді. Ешқашан ұрысуды білмейтін еді. Өзі сондай мейірімді жан еді, жаным. Бауырларына ұрысса қазір сендерді бір ұрам деп күлетін еді».

Дәулет Жұпарбеков отбасындағы төрт баланың екіншісі. Әскери қызметкер болуды армандаған ол, Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара академиясына оқуға түскен. Дәл сол қаралы күні өзі де сезгендей жанындағы достарына «ажырамай бірге жүрейік, бүгінгі дабыл өзгеше» деп бірнеше рет ескерткен екен. Тіпті, 3-ші қаңтар күні туыстарына хабарласып, қал-жағдайларын сұрап шыққан көрінеді.

Назерке Темірхан, марқұмның сыныптасы: «Тек қана оны досымыз, сыныптамыз ретінде ғана емес, бауырымыз, ағамыз ретінде қарайтынбыз. Себебі, ол қыздарға көмегін аямайтын. Қандай жағдай болса да».

Дәулет Жұпарбековтың қазасын естігенде тек ата-анасы ғана емес, бүкіл ауылдың еңсесі түскен. Себебі, көз алдарында өскен баланың осындай жағдайда келмеске кеткені қабырғаларын қайыстырыпты. Сол себептен де мектепте арнайы бұрыш ашып, өзгелерге үлгі болсын деген мақсатта жас ұланның естелік заттарын қойыпты.

Гүлдана Дәурен