Инкассаторларды өлтіру оқиғасына қатысты тағы бір күдікті ұсталды

339

Арыс ауданындағы инкассация қызметкерлерінің өліміне қатысты тағы бір мәлімет. Полицейлер осы іске қатысты екінші күдіктінің ұсталғанын хабарлайды. Құрықталған азамат Арыс қаласының тұрғыны. Оған Қылмыстық кодекстің екі бабымен айып тағылып отыр.

Инкассация қызметкерлері мына топырақ жолдың жартысын ғана жүріп өткен. Олардың өмірі осы соқпақтай қысқа ғана болды.

Инкассаторлардың байланысқа ұзақ уақыт бойы шықпағаны оқиға орын алған күні кешке белгілі болған. Олар елді мекендердегі ауыл тұрғындарының зейнетақысы мен жәрдемақысын төлеуге қажетті қаржыны жеткізу керек болатын.

Полиция қызметкерлерлерінің айтуынша, инкассация қызметкерлерімен бірге жұмыс істейтін еңбек демалысында жүрген әріптесі олардан жазық далада орналасқан мал ұстайтын қораға жеткізіп салуын өтінген.

Қанды оқиғадағы екі адамның мәйіті Арыс қаласынан 35 шақырым жерден табылған. Қаскөй көліктің артында отырып, инкассатор қызметкерлерінің басына оқ атып, олардың денесін осы жерге лақтырып кеткен. Мұнда әлі қанның іздері де байқалады. Мылтықтан атылған оқ гильзасы да сақталған.

Полиция қызметкерлері күдіктіні бірден анықтады. Онымен бірге аңшы мылтығы мен ұрланған ақшалар табылып, тәркіленген. Қос адамның ажалын арқалаған азамат істеген әрекеттерін мойындап отыр. Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қайрат Дәлбеков, Түркістан облысы полиция департаментінің басшысы: «Полиция департаменті қызметкерлерімен Арыс аудандық полиция қызметкерлерімен жедел-іздестіру жұмыстарын жүргіздік. Сол күні кешке сағат 20:00 шамасында Арыс қаласынан 2-3 шықырым жерде Лада Ларгус автокөлігі табылды. Ішінде қылмыс белгісі болды, қан дақтары анықталды».

Марқұм болғандардың бірі Әділ Жасұланның шаңырақ көтергеніне бар-жоғы 7-ақ ай болған. Оның артында жесір әйелі қалды. Ол алғашқы перзентін күтіп жүр. Туысқандары Жасұлан адал әрі өте мейірімді еді дейді.

Күдікті ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабымен, яғни 99-бабы «Адам өлтiру» және 192-бабы «Қарақшылық» бойынша қылмысты жасаған деген күдікпен ұсталып отыр. Оны бұл қатыгездікке не итермелегені әлі белгісіз, бірақ ол екі адамның өмірін 7,5 миллион теңгеге бағалаған.

Арыс қаласындағы инкассация қызметкерлерінің өліміне байланысты жаңа мәлімет бойынша, екінші күдіктінің ұсталғаны анықталды. Құрықталған азамат Арыс қаласының тұрғыны. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабымен, яғни 434-бабы «Қылмыс туралы хабарламау» және 287-бабы «Қаруды заңсыз иемдену» бойынша айып тағылды.

Олжас Айдарбек