Шымкентте 1 қабатты үй (жатақхана) отқа оранды. Абай ауданына қарасты, Водопьянова көшесі №1 «А» үйдің пәтерлері жойқын алаудың астында қалды. Тұрғындардың айтуынша, тілсіз жау 8-маусым, таңғы сағат 5-тер шамасында, шырт ұйқыда жатқанда басталған. Және өрттің шығу себебін өздері де білмейді.
«Таңғы 4-30-да оянып кеттім. Ол кезде бәрі тыныш еді. Соңынан, сағат 5-тен асқанда көршілердің шулап жатқан дауыстарын естіп, ұйқымнан шошып ояндым. Дәлізге шығып, сыртқы есікті ашқаным сол, алау есіктен лап қойды. Оттың қарқыны қатты болғаны соншалықты, бір пәсте перделер, есіктер, еден, үй жиһаздары, дүние-мүліктің барлығы өртеніп жатты. Мен арғы бөлмеге кіруге дәрменім жетпей жатқанда, отағасы әрең есікті ашып, балалар ұйықтап жатқан бөлмеге бет алды. Оттың жалыны ол бөлмеге де енді. Екі баламды уайымдап, жете алмай тұрдым. Күйеуім кішкентай ұлымды терезеден далаға шығарғанынша болмады, мұндағы 14 жастағы екінші ұлымның табаны күйіп үлгерді. 3 бөлмелі үйімдегі дүние-мүлікті қоспағанда, бүкіл қажетті құжаттарымыздың барлығы өртеніп кетті ғой! Ештеңемізді алып үлгермедік. Тек өзімізің аман-есен шыққанымызға қуандық. Бірақ, енді не істейміз, қайда барамыз?»,-дейді үйдің тұрғыны Жібек Абикова. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жаумен 1 сағаттан аса уақыт арпалысып, әрең дегенде өшірген. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.
Бірақ, таңға қарай тұтанған қызыл жалын әп-сәтте үйдің 240 шаршы метрін шарпып үлгеріпті.Қуаныш Арсланов, Шымкент қалалық ТЖД өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары: «Өрт туралы біздің кезекші бөлімге сағат 05:39-да хабар түсті. Жедел жасақ көрсетілген мекен-жайға 05:48-келіп жетті. Алауды ауыздықтау үшін жалпы 8 негізгі, 1 штабтық автокөлік және 55 қызметкеріміз жұмылды. Ал өрт таңғы 6:58-де толығымен өшірілді. 2 адам құтқарылды. Адам шығыны жоқ. 1 қабатты үйдің (жатақхана) 240 шаршы метрі, ондағы 2 пәтер толығымен және өзге де пәтерлерге ортақ дәліз, қабырғалары мен төбелері өртенген. Себебі, үйдің қабырғалары барлығы ағаш екен. Тек сырты ғана кірпішпен қаланған».Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып, шығын көлемі де есептеліп жатыр.
Айта кетейік, Абай ауданына қарасты, Водопьянова көшесі №1 «А» үйдің қабырғасы 1936 жылы қаланған. 1 қабатты, барлығы 45 пәтер бар. Ал әу баста, Кеңес заманында «Қорғасын» зауытының меншігінде болған жатақхана бүгінгі күні жекешендіріліп, тұрғындарға берілген көрінеді.
Мөлдір Бекеева