Шымкентте 3Д форматындағы жаяу жүргіншілер жолағы пайда болды

387

Шаһарда мұндай жаяу жүргіншілер өткелі алғаш рет сызылып отыр. Қала тұрғындары бұл әлеуметтік жобаға әуелде қуанғанымен, артынан оның да «ғұмыры қысқа болады ма?» деп алаңдай бастады. Себебі, қаланың орталық көшелерінде бұған дейін де ерекше жолақтар салынған болатын. Бүгінде олардың ізі де жоқ.

Үш өлшемді жолақ әзірге Т. Айбергенов көшесінде ғана сызылған. Мұндай жаяу жүргіншілер өткелі шетел тәжірибесінде бар. Ол жол-көлік оқиғаларын азайтады екен. Ерекше жолақты салу идеясы Қазақстан бойынша бірінші болып Шымкентте қолға алынды.

Күлімхан Тазабекова, қала тұрғыны: «Көзге алыстан көрінеді. Дұрыс істепті. Бірден көзге көрінеді».

«Меніңше, бұл жолақты автокөлік жүргізуішілері байқамай өтіп кетуі мүмкін емес. Әңгіме, мұның әдемілігінде емес. Бастысы, енді көлік жүргізуішілері жаяу жүргіншілерді алыстан көріп, тоқтаса екен. Бұл көптеген қайғылы оқиғалардың алдын алады деген ойдамын» дейді тағы бір қала тұрғыны.

Шымкентте жаяу жүргіншілердің назарын аударатын ерекше өткел бұған дейін де болған. Қызылды-жасылды диодты шамдар осыдан 4 жыл бұрын Тәуке хан мен Қонаев даңғылының қиылысында орнатылған. Қала тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау мақсатында салынған бұл өткелдердің бүгінде ізі де жоқ.

«Бұрынғы жолақты көргенмін. Жақсы еді. Әсіресе, ұялы телефондарын шұқылап келе жатқан жастар үшін. Оны алып тастағаны өкінішті енді. Тұрғындар үшін әр түрлі түсте жанатын жолақтар мен сөйлейтін жолақтар аса қажет-ақ деп ойлаймын» дейді тағы бір қала тұрғыны.

Бұл замануи қондырғыны орнату үшін кезінде жергілікті бюджеттен 2 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты. Ал енді салынған 3Д форматындағы жолақ Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына 170 000 теңгеге түскен. Алайда, бұл қаржы еселене бермек.

Сайра Амантаева, «Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» баспасөз хатшысы: «Кепілдік 3 айға беріледі. Жаңбыр жауса, әрине бояуы кетеді. Бірақ 3 айдан кейін тағы да саламыз. Яғни, өз қаржымызға қайта бояймыз, ия, сондай жоспар бар».

Яғни, бір жолақты жаңартып отыру үшін 1 жылда 500 000 теңгеден аса қаржы кетеді. Қала тұрғындарының қауіпсіздігін бірінші орынға қойған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бұл сома өз қалтамыздан шығады дегенді айтады. Алдағы уақытта қала әкімдігі рұқсат берсе, олар тағы бірнеше көшелерінде салуды да көздеп отыр.

Айя Мүтәлі