Жүк тасымалына қатысты шағымды WhatsApp-қа жолдайды

475

Шымкентте ауыр салмақты автокөліктердің қозғалысын бақылауға арналған «Жол картасы» бекітілген. Осы «Жол картасы негізінде қаланың 12 көшесінде салмағы 8 тоннадан асатын жүк көліктерінің қозғалысын шектеуге шешім қабылданды. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша Көліктік бақылау инспекциясының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстан Республикасы жолдарының сақталуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбында өткен жиналыста аталған инспекцияның басшысы Ержан Жолдасов хабарлады.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша 2811 шақырым автомобиль жолдары бар. Осы жолдармен ауыр салмақты Хово, Шансиман секілді және тағы басқа жүк көліктері белгіленген нормадан артық жүк тасымалдайды екен.


– Инспекция тарапынан бұл жолдардың барлығына бақылау жүргізу мүмкін емес. Сондықтан 2018 жылдың 12 желтоқсанында Шымкент қаласы әкімі Ғ.Әбдірахымов «Автомобиль жолдарымен қозғалатын ауыр салмақты автокөліктеріне бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған 2019 жылға арналған бірлескен «Жол картасын» бекітті. Шымкент қаласының автомобиль жолдарында ауыр салмақты автокөліктерге бақылауды қамтамасыз ету бойынша құзырлы органдардан жауапты тұлғалардан тұратын арнайы бұйрықпен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы Шымкент қаласының автомобиль жолдарымен қозғалатын жүк көліктерінің қарқындылығына талдау жүргізді. Талдау нәтижесі бойынша қаланың 12 көшесінде бір оське түсетін салмағы 8 тоннадан асатын жүк автокөліктеріне салмақтық шектеу белгілерін қою туралы шешім қабылданды. Салмақтық шектеу белгілерді орнату бойынша құзырлы мекемелерге ұсыныс жолдадық», – дейді Ержан Жолдасов.
Сондай-ақ, «Жол картасына» сәйкес, Шымкент қаласында орналасқан карьерлер мен жер қойнауын пайдаланушы жеке және заңды тұлғалардың тізімі анықталыпты. Бүгінге дейін 38 карьер иесі мен Шымкент қаласы әкімдігінің арасында қосымша келісім жасалған. Қосымша келісімнің негізгі талаптары бойынша, карьер иелері өз аумақтарына жүк көлігін өлшейтін таразы жабдықтарын орнату және жүк көліктеріне жүктің тауар жүк көлік құжатын беруді қамтамасыз етеді.
– Қосымша келісімнің талаптары бойынша 2019 жылдың мамыр айына дейін карьерлерге таразы жабдықтарын орнату міндеттелген. Алайда бүгінгі таңда қосымша келісімнің талаптары орындалмай келеді. Яғни, карьерлерге жүк көліктерін өлшеуге арналған таразы жабдықтары орнатылмаған және жүк жөнелтушілер тарапынан тасымалдаушыларға жүктік тауар жүк көлік құжаттары берілмей келеді. Бұған дәлел, Инспекция тарапынан тасымалдаушыларда жүктің тауар жүк көлік құжаттары болмауына байланысты 97 құқық бұзушылық анықталыпты. Мәселен, Инспекция қызметкерлері тарапынан жеке тұлғаға тиесілі тіркемесі бар «Хово» карьер автокөлігін өлшеп-тексеру барысында жүкпен қоса алғандағы салмағы 74 тоннаны құрап, рұқсат етілген жалпы салмақтан 30 тоннаға артық болғаны анықталды. Артық салмаққа жол берген карьер автокөлігінің иесіне ҚР жүк тасымалдау ережесінің талаптарын бұзғаны үшін 481 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды,-деді Ержан Жолдасов.
Мұнда жүк жөнелтуші әкімшілік жауапкершіліктен жалтару үшін тауар-көлік құжатын бермегені анықталып отыр.
Сондай-ақ, биылдың сәуір айында ҚР көлік мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұған дейін ауыр салмақты бөлінетін және бөлінбейтін жүктерге де арнайы рұқсат құжаттары берілген болса, Жаңа заңға сәйкес 2019 жылдың тамыз айынан бастап ҚР жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарында ауыр салмақты бөлінетін жүктерді тасымалдау кезінде арнайы рұқсат құжаттары берілмейді. Яғни, ауыр салмақты бөлінетін жүктерді автомобиль көлігімен тасымалдауға ешқандай жағдайда да рұқсат етілмейді. Соған байланысты, көлік инспекциясы қызметкерлері бөлінетін жүктерді автомобиль көлігімен тасымалдау кезінде арнайы рұқсат құжаттарының берілмейтінін ескере отырып, салмақтық параметрлерін сақтап жүруді ескертеді.
Ержан Жолдасовтың сөзінше, Шымкент қаласы аумағында инертті материалдарды (құм-тас) жинақтайтын 27 заңсыз орындар да анықталған.
«Заңсыз деп айтуымыздың себебі, қалалық жер қатынастары басқармасымен бірлесіп осы орындардың қандай мақсатта берілгеніне анықтау жұмыстарын жүргіздік. Сонда 14 – жер тұрғын үй құрылысы үшін, 11 жер – дүкен құрылысы үшін, 1 жер – мешіт құрылысы үшін, 1 жер – ауыз су құдығын салу мақсатында берілгені анықталды. Заңсыз жұмыс жасап жатқан құм тас жинақтайтын орындардың жұмысын тоқтатып, қаланың кіре берісіне салу жөніндегі Инспекцияның ұсынысы Шымкент қаласы әкіміне жолданып, құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыстар жүргізіліп жатыр», – дейді ол.
Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен кейін құрылды. Инспекцияның негізгі міндеттерінің бірі – көліктегі қауіпсіздікті және жолдардың сақталуын қамтамасыз ету.
Инспекция құрылған 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап бүгінге дейін Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы тарапынан 674-тен аса әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Барлығы 100 млн теңгеге жуық әкімшілік айыппұлы мен жол жүру алымдары өндірілді.
Анықталған заң бұзушылықтардың 50%-ы жүк автокөліктерімен белгіленген салмақтық және көлемдік параметрлерінің сақталмауы, 30%-ы жүк жөнелтушілерімен тасымалдаушыларға тауар-көлік құжаттарын ұсынбауы және 20%-ы жүктерді тиеу кезінде жүк жөнелтушілермен артық салмаққа жол берілуі болып отыр.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 571-бабының 6- тармағында ауыр салмақты жүк тасымалдағаны үшін салынатын айыппұлдарды өсіру көзделген. Демек, салмақтың артуына байланысты, мысалы: артық салмақ 1-5 тоннаға дейін, 5-10 тоннаға дейін, 10 тоннадан жоғары болып белгіленеді. Артық салмақ неғұрлым жоғары болған сайын айыппұлдың көлемі өсе береді. Сондай-ақ салынған әкімшілік айыппұлды жүк тасымалдаушылар 7 жұмыс күнің ішінде төлесе, Әкімшілік кодекстің 811-бабына сәйкес 50% жеңілдік қарастырылған»,-дейді көлік инспекциясының басшысы.
Оның сөзінше, Шымкент қаласындағы проблемалық мәселелердің бірі – құқық бұзушылыққа жол берген жүк көліктері үшін айыптұрақтың жоқтығы болып отыр екен.
Бүгінгі таңда қала аумағында коммуналдық меншіктегі 2 айыптұрақ және жеке меншіктегі 1 айыптұрақ жұмыс істейді.
«Өкінішке қарай, бұл айыптұрақтардың бүгінгі күндегі жағдайы үлкен жүк көліктерін қабылдауға мүмкіндігі жоқ. Осыған орай, жергілікті атқарушы орган тарапынан Шымкент қаласының аумағынан жер көлемі үлкен жүк көліктерін қабылдау мүмкіндігі болатын айып тұрақтың қызметін ұйымдастыру туралы ұсыныс жолдадық», – дейді Ержан Жолдасов.
Бүгінгі таңда Көлік комитетінің ұйымдастыруымен жол тасымалдау саласындағы заңнама талаптарының бұзылуына куә болған жағдайда фото не видеоға түсіріп, Көлік комитетінің Ахуалдық орталығының +77080880800 «WhatsApp» мессенджеріне жолдау арқылы тасымалдаушыларға әкімшілік шара қолдану жағдайлары қолға алыныпты. Алдағы уақытта қала тұрғындары ауыр салмақты жүк көліктерді тасымалдау және автомобиль көлігімен жүк тасымалдау қағидалары бұзылған жағдайлар бойынша фото не видеоға түсіріп, «WhatsApp» мессенджері арқылы жоғарыда көрсетілген нөмірге жолдаса, автокөлік иелеріне тиісті шара қолданылады.

Жәнібек НҰРЫШ

№21, 22 мамыр, 2019 ж