Úı ANONS Қоғамдық көліктер жаңартылып жатыр

Қоғамдық көліктер жаңартылып жатыр

Шымкентте қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту қарқын алды. Саладағы бәсекелестікті күшейтіп, қызмет сапасын арттыру мақсатында әкімдік кешенді реформаларды қолға алған. Соның нақты нәтижесі ретінде автопарк жаңартылып, №42 және 70 бағыттарда заманауи көліктер жолға шықты. Бұл қадам жолаушылардың қауіпсіздігін нығайтып, қаланың көлік инфрақұрылымын халықаралық талаптар деңгейіне көтеруге бағытталған маңызды бастама болып отыр.

Шымкенттегі қоғамдық көліктер жаңартылып жатыр. Қала көшелерінде 42 және 70 бағыттарда жаңа заманауи автобустар қатынай бастады. Жолаушылар сыйымдылығы 65-тен 85 адамға дейін жететін бұл көліктер кең әрі жайлы салонымен, қауіпсіздік талаптарына сай жабдықтарымен ерекшеленеді. Мамандардың айтуынша, бұл жаңарту тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен өтініштері негізінде жүзеге асырылған.

РОЛАН ИБРАГИМОВ,  ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Бізде №42 және 73 маршруттың автобустары жаңартылды. Оның алдында халық қайта-қайта сын айтып жүрген тұғын, анкай автобустарына. 26 жаңа автобус келді. Оның 12-сі дизель отынымен жүреді, қалған 14 газ отынымен жүреді. Заманауи, ішінде кондиционері, пандусы, видеокамералары бәрі бар. 1 наурыздан бастап қызмет көрсетуде халыққа»

Жалпы, жыл соңына дейін 300 қоғамдық көлікті жаңарту жоспарланған. Ерекше атап өтерлігі — бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін бюджеттен қаражат қарастырылмаған.

РОЛАН ИБРАГИМОВ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Биылға 300 анкайды ауыстыру жоспарымыз бар. Олардың барлығы компаниялар жекеменшік болған соң өздері лизинг арқылы, кредит арқылы сатып алып, қалаға жаңа автобустарды алып келіп жатыр»

Қоғамдық көлік паркін жаңарту жолаушылар қалтасына салмақ салмайды. Жауапты басқарма басшысы жолақы құны өзгермейтінін атап өтті. Дегенмен, тарифке қатысты түпкілікті шешім әлі қабылданбаған — мәселе талқылау үстінде екен.

РОЛАН ИБРАГИМОВ,  ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Қазір оны зерделеу барысындамыз. Кейін қоғамдық кеңесте, мәслихатта талқыланады»

Айта кету керек, Қайтпас шағынауданы мен Теміржол вокзалы арасындағы №42 бағытта 12 автобус қызмет көрсетеді. Ал Қайнарбұлақ шағынауданынан «Гипер Хаус» орталығына дейін қатынайтын №70 бағытта 14 автобус жолаушылар тасымалдайды.

Лаура Бабас