Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс — сол аймақтан көшірілген 44 мың адамды да айналадағы жұртты да есеңгіретіп кетті. Қала көшелеріне, тұрғын үйлерге, ғимараттарға құлаған снарядтар мен жан-жақтан ұшқан жарықшақтар, тоқтаусыз жарылыстар, дүмпулер мен қою түтін көрген жанның зәре-құтын қашырды. Бас сауғалап қашқан жұрттың көңілі қаяу, жүзі солғын, жанарында үрей бар. Біз сөйлескен тұрғындар келешекте үйіне оралудан қорқады. «Арыста тұрғым келмейді. Балаларымды уайымдаймын. Үйіме қайтудан қорқамын. 10 жылда 4 рет болған жарылыс тағы қайталанса, қайтем?!» деп қауіп етеді. Орынды қауіп. Психолог көмегі де қажет-ақ. Осы орайда тәжірибелі психолог Ләззат Нұрпейісовамен әңгімелесіп, кәсіби кеңесін жазып алдық.
– Психологтар Арыс жарылысынан зардап шеккен тұрғындарға жұмыла көмек етіп жатыр. Арнайы штаб құрылып, әкімшіліктен тапсырма берілді. Оқиға орнында болған адамдардың қайта сонда барудан қорқуы – қалыпты жағдай. Себебі жарылыс қайталанып отыр. Сондықтан да адамдар әзірге оқиға орнына баруға асықпаған дұрыс. Әзір өз-өзіне келіп, сол жерге баруға өзін дайын сезінбейінше бармағаны абзал. Осы уақыт аралығында әрбір адам өз-өзімен, ішкі күш-жігерімен жұмыс жасағаны дұрыс. Ең бастысы жанына жақын адамдарының қасында болғаны жақсы әсерін тигізеді. Адамдар осы жағдайдан психологиясын бұзбай аман шығуының алғашқы жолы: ол – жаман ойға жол бермеу,-дейді Ләззат Нұрпейісова.
Оның сөзінше, адамдар өзінің аман қалғанын ойлағаны жөн, өйткені бұдан да жаман жағдай болуы мүмкін еді.
– Бірақ Жаратқанның құдіретімен өзі де, жақындары да аман қалғанын қуанышқа балағаны дұрыс. Мұндай ой адамға жеңілдік сыйлайды. Екіншіден әрбір адам терең-терең демалу керек. Әрбір алған тынысыңыздан кейін «Демек, мен өмір сүріп жатырмын» деген сөзді іштей қайталау қажет. Өмір сүріп жатқаныңызды сезініңіз. Оқиға болды. Амал жоқ. Енді адамдар жақсылықтан үміт етсін. Кез келген жамандықтан кейін жақсылық болары өмірдің заңдылығы. Өмірдің өзі қара және ақ жолақтан тұрады. «Мен ақ жолақпен өмір сүріп келіп, қара жолақтан аман қалдым» деп ойласын. Және тағы да ақ жолаққа түсетініне сенімді болсын. Адам өзін осындай жақсы ойларға сендіре білсе, ішіндегі жаман ойлар өздігінен жоғалады. Қайталап айтам, адам өз ойын өзі басқара білуі керек. Не ойласаңыз, сол өміріңізде болады. Бұл – адамның өз-өзіне қолдау көрсетуі. Өз-өзіне қолдау көрсете алған адам кез келген қиындықты жеңіп шыға алады. Біз мұны тәжірибемізден байқап жүрміз. Алдынан кездескен қиындықты өзі ғана жеңіп қоймай өзге де жақындарына зор көмек,-дейді Ләззат Нұрпейісова.
Ол өз сөзінде Арыстағы жарылыс хақында таралып жатқан түрлі үрейлі, шындыққа жанаспайтын ақпараттарға да қатысты пікірін айтты.
– Неше түрлі жалған ақпараттар таратылып жатыр. Соның бірі – 10 баллдық жер сілкінісі. Шымкентте сондай қиын жағдай болатынын айтып, жалған хабар таратқандар болды. Мұндай жалған ақпаратты жамандық шақыруға жаны құштар, жақсылықтан үміті жоқ, жамандықты күтетін адамдар таратуға бейім болады. Мұндайда сол жалған ақпаратты оқып отырған адам «Мен мықтымын ба, әлде жалған ақпарат таратып отырған адам мықты ма?» деп ойлап, сол сұрақты өзіне қойсын. Сол кезде адам, әрине, жамандық шақырып жалған ақпарат таратқан адамға емес, жақсылық күтетін өз мықтылығына сенеді.
Сөз соңында айтарым, жаратылыстың заңында, табиғаттың заңында барлық нәрсе өткінші. Демек бұл жағдай да уақытша. Енді осындай уақытша жағдайдан өз күшіңізбен аман өтіп, жақындарыңызды қорғап қалуыңыз керек. Алдағы өміріңізде нені қалайсыз, қандай жақсылықты сезесіз, соны ғана ойлаңыз. Жаныңызды соған сендірсеңіз, жамандықтың барлығы кетіп, жақсылық орын алады. Біз мұның барлығын ойдан шығармаймыз. Бұл – біздің тәжірибеміздегі жағдайлар. Өткен жағдайды ойлап, санаңызға салмақ түсіріп, өзіңізді қинамаңыз. Енді тек алдағы жақсылықты ойлау керек,-дейді Ләззат Нұрпейісова.
«Оңтүстік Рабат» №27, 26 маусым 2019 ж